СҚО-да тауарлы-сүт фермалары ашылды
Солтүстік Қазақстан облысында екі заманауи тауарлы-сүт фермасы ашылды.
Жергілікті шаруалар Еуропадан асылтұқымды мал әкеліп, қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтып отыр. Бұл жобалар өңірдің агроөнеркәсіп саласын дамытудың жол картасы аясында іске қосылды.
Заманауи тауарлы-сүт ферманың бірі Есіл ауданындағы Корнеевка ауылында ашылды. Кәсіпорында жылына 9 мың литр сүт сауылады. Бұл жобаға 12 млрд. теңге инвестиция құйылды. Қаржының төрттен бір бөлігі жеңілдетілген несие ретінде бөлінді.
Ақан Дүйсенбаев, ауыл шаруашылығы холдингі басқарма төрағасының орынбасары:
- Голландия, Даниядан гольштинский порода деген сиярлар. 1229 сиыр бар қазір осында. Осыдан кейін тағы ферма салайын деп жатырмыз. 2-3 хозяйствода осы жылдан бастап жаңа проект жасап жатырмыз.
Өңірдегі тағы бір жаңа сүт фермасы Таранғұл ауылында іске қосылды. Кешен 800 мал басына арналған. Кәсіпкер асылтұқымды «симменталь» сиырларды сауып, сүтін қайта өңдеу кәсіпорындарына сатады.
Петр Гольцер, серіктестік директоры:
- Жобаның жалпы құны 4 млрд теңге. Оның тең жартысы мемлекеттік бағдарлама бойынша төмен пайызды несиемен берілді. Әрине бұл біз үшін үлкен қолдау. Енді мал басын тағы ұлғайтамыз.
Биыл өңірде осындай 19 тауарлы-сүт фермасы ашылады. Бұл мақсатқа мемлекеттен 17 млрд.теңге бөлінді. Қаржы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ретінде үлестіріледі. Заманауи кешендер ең алдымен ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Мереке Мұхамедияров, Есіл ауданының әкімі:
- Былтырғы жылдан бастап 502 сиыр әкелінді. Ол Австрия мен Германия елдерінен. 25 жұмыс орны ашылды жаңадан. Қазір міне ол малдардың барлығы қойылды фермаларға. Жұмыстарын істеп жатыр. Сиыр басынан әрбір 20-25 литрге дейін сүт алынып жатыр.
Президент тапсырмасымен бұл тәжірибе қазір ел бойынша жүезеге асырылып жатыр. Жалпы өңірде агроөнеркәсіп саласын дамытудың жол картасына 38 инвестициялық жоба енгізілген. Оған 80 млрд теңге бөлінеді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов