Әулиекөл ірі қара тұқымына сұраныс жоғары
Тәуелсіздік жылдары шығарылған Әулиекөл ірі қара тұқымы Қазақстандағы №1 ет бренді саналады.
Күй талғамайтын, өсімтал, етжеңді мал тұқымына қашанда сұраныс жоғары. Оның төліне жарты жыл бұрын алдын ала тапсырыс беріледі. Қостанай облысының Әулиекөл ауданында осы мал түрін өсіретін 4 шаруашылық бар. Солардың бірінде біздің тілшіміз болып қайтты.
«Диев» асыл тұқымды мал шаруашылығының иелігінде 3,5 мың «Әулиекөл» ірі қарасы бар. Абердин ангус, қазақтың ақ бас сиыры және Шароле тұқымдарын будандастыру нәтижесінде алынған түлік түрі отандық селекцияның үлкен жетістігі деп бағаланып отыр.
Асылан Әбжанов, шаруашылықтың бас зоотехнигі:
- Суыққа төзімді, сосын тамақ таңдамайды. Күй талғамайды. Сосын бұлар аяқтары 50-60 шақырымға дейін жүре береді бұлар. Шаршамайды, шыдамды өте мал. Жүз бастан біз 90-92 процент бұзау аламыз. Бұзаудың салмақтары туғанда 25-тен 30-ға дейін килограмм туады бұзау. Туу несі жеңіл.
Әулиекөл тұқымы бірыңғай сұр түсті және тұқыл болып келеді. Тез қоң жинайды. Таза ет шығымы 60 процент. Бұқаларының салмағы бір тоннаға дейін тартады. Бірақ ондай ірі көлемге жеткізбеуге тырысады. Негізінен бір жарым жылдық тайынша, қашар түрінде сатылады.
Төленді Оспанов, шаруашылықтың атқарушы директоры:
- Қашарын қашардай, тайыншаларын тайыншадай сатылып кетеді. Етке ешқайда кетпейді. Сұраныс өте көп. Бізден алып, олар өздері 15-тен асып кеткен шығар, біздікі сияқты плем хозяйства өздері ашты. Оларда жылда келіп отырады. Анау енді қанын селекция жағынан жаңартып отыру керек қой.
Бұл ауданда 10 мың асыл тұқымды мал бар. Соның 9,5 мыңы Әулиекөл тұқымы. Былтырғыға қарағанда биыл 300-ге көбейген.
Галина Зайцева, Әулиекөл аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
- Биыл Қазақстан бойынша Әулиекөл тұқымының 1086 төлі сатылды. Былтырмен салыстырғанда 230-ға артық. Әсіресе қашарларға сұраныс зор. Жұрт жарты жыл бұрын жазылып, тапсырыс беріп қояды.
Әулиекөлдік қашар, тайыншалардың тірілей бағасы орташа есеппен 600 мың теңге тұрады. Бір қарағанда қымбат көрінгенімен, ақысын ақтайды, - дейді мамандар. Қазір тіпті шетелдерден де Әулиекөл тұқымына қызығушылық танытып отырғандар бар.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг