Талдықорғанда аккумулятор зауыты ашылды

Кәсіпорын жылына 210 мың дана өндірістік мақсатта қолданылатын батарея шығарады.

Отандық өнім ішкі нарыққа және көршілес елдерге экспортталады. Жаңа өндіріс орнына мемлекеттік қолдау көрсетіліп, жергілікті бюджет есебінен инфрақұрылымдық желілер тартылып берілді.

Кәсіпорынның іске қосылуымен қырық адам тұрақты жұмысқа орналасты. Қазір олар жаңа құрылғыларды меңгеріп, алғашқы өнімдерін жасап жатыр. 

Тамара Балаева, зауыт жұмысшысы:

- Осы зауытқа дейін 35 жыл жұмыс істедім, пайшица болып. Жаңа зауыт болғаннан кейін осы жаққа келіп пайшица болып жұмыс жасаймын. Күніне 300 аккумулятор шығарамыз. Сапалы жаңа технология бәрі жаңа. Жақсы аккумулятор шығарамыз.

Өндіріс орнының жұмысымен танысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев мұндай кәсіпорындар аймақ дамуына ықпал ететінін атап өтті. Жалпы зауыт қаңтар айынан бастап толық қуатына көшеді. Сол кезде жұмысшылар саны 180 адамға дейін жетеді. Мамандар елімізде өндірілген қорғасын мен күкірт қышқылын қосып, аккумулятордың 50-ден аса түрін шығарады. 

Серікбай Әжмағамбетов, "Asma Industrial" зауытының бас директоры:

- Өндірісті қолдау қорына жүгіндік. Екінші дәрежелі банктер бізді қолдады. 8,5 млрд теңгеден аса қаражаттың 2 млрдқа жуығы тартылды, қалғаны өз қаржымыз. Өнімді «Қазақтелеком», «КЕГОК», «ҚТЖ» сынды «Самрұқ-Қазына» ұлттық холдингіне кіретін компаниялар алады. Қаңтардан бастап Ресейлік кәсіпорындарға өткіземіз.

14 гектар жерді алып жатқан кәсіпорын келешекте ауқымын үлкейтіп, электромобильдерге арналған аккумулятор өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов