Жамбыл облысында ₸214 млрд-тың инвестициялық жобасы жүзеге асады

Жамбыл облысында жыл соңына дейін 214 миллиард теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асады, деп хабарлайды 24KZ. Бұл мың жарымға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Сонымен қатар аймақта тұрғын үй құрылысы былтырғыға қарағанда 22%-ке артқан. Жыл басынан бері 577 мың шарты метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жамбыл облысында 2028 жылға дейін құны 3,4 трилион теңге болатын 80 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде 6500 жұмыс орны ашылады. Биылғы 10 айдың өзінде өңірге 370 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін 35 жоба жүзеге асады. Олар химия, құрылыс, агросала мен өңдеу бағытындағы кәсіпорындар болмақ.

Солардың бірі – Орталық Азиядағы ең алғашқы жел генераторлары бөлшегін шығаратын зауыт. Жоба құрылысы Шу ауданындағы «Жібек жолы» экономикалық аймағында басталды. Тың бастамаға қытайлық инвестор мен «Самұрық-Қазына» қоры 114 миллион доллар салып отыр.

Чжоу Фугай, қытайлық инвестор:

- Қазақстанда баламалы энергия көзіне басымдық беріліп жатыр. Оның үстіне Жамбыл облысы жел энергиясын өндіруге өте қолайлы аймақ. Сондықтан жұмысымыз сәтті болатынына сенімдімін. Алдағы уақытта мамандарымыз осындағы қызметкерлермен тәжірибе алмасып, технологиясын үйретеді.

Аймақта кәсіпкерлік саласының да көкжиегі кеңейіп келеді. Былтырмен салыстырғанда өңірдегі жеке кәсіпкерлер саны 25,5%-ке артқан. Жалпы облыста тіркелген 105 мың нысанда 165 мың адам жұмыспен қамтылған. Биыл 38 мың кәсіпкерді қолдау мақсатында қаржы институттарынан 154 миллиард теңге бөлінді. Оған қоса бизнеске мемлекеттен де қолдау бар.

Ернар Оразбай, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:

- Мемлекеттік бағдарламалар арқасында да көптеген қаржыландырулар бөлініп жатыр. Атап айтатын болсақ, 1766 жобаға қазіргі таңда 40 миллиардан аса сома бөлінді. Мемлекеттік бағадарламалардың ішінде мемлекеттік субсидиялар, гранттар, сонымен қатар кепілдендіру саясаттары жүргізіліп отырады.

Өңірдегі өнеркәсіптер 10 айда 727 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Соның ішінде химия саласы үздіктер қатарында. Республика бойынша шығатын тауардың 24%-ін Әулиеатадағы зауыттар шығарып отыр. Биыл облыста 750 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Қазіргі 78 көпқабатты тұрғын үйдің құрысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 2 мыңнан аса пәтер үй кезегінде тұрған тұрғындарға ипотекалық негізде беріледі. Оған қоса әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да көңіл бөлініп отыр.

Нұржан Календеров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Көпбалалы отбасыларға және мұқтаж отбасыларға біз 1575 пәтерді нарықтан, жаңа пәтерлерді алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге біз биылғы жылы әлеуметтік осал топатағы азаматтарға 1963 пәтерді үлестіреміз деген жоспарымыз бар. Әрине, атап өту керек, «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында біз 140 жас отбасына да пәтермен биылғы жылы қамтимыз.

Ал ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында биыл республикалық қазынадан 30 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді. 10 мыңнан аса фермер көмек қаржыға қол жеткізді.

Төлебек Құлекеев, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- 2,5%-тік кредит беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде 3 жаңа тауарлы-сүт фермалары бар, көкөніс сақтау қоймалары бар. Еуропалық технологияны пайдалана отырып, іске асырылып жатыр. Оның бірқатары осы 2024 жылдың соңына дейін, қалғандары 2025 жылы міндетті түрде іске асады.

Биыл өңірдің экономикалық өсімі 104%-ке жетіп отыр. Оның ішінде өндіріс 0,8%-ке, сауда 2,5%-ке өскен. Ал құрылыс саласы былтырмен салыстырғанда 22%-ке қарыштаған. Тұрғын үй саласы 3,5%-ке өскен. Экономистер: «Осы оң көрсеткішті одан әрі арттыру үшін шетелден қаржы тарту маңызды», – дейді.

Жарас Қуатбеков, экономика ғылымдарының PhD докторы:

- Экономикалық өсімді одан әрі жетілдіру үшін, сыртқы инвестиция дейміз, шетелдік инвесторларды көптеп тарту керек. Бюджет саласындағы көптеген ауыртпашылықты мына инвестиция тарту арқылы жеңілдетуге болады. Осы арқылы біз өзіміздің өңірдің дамуын, жалпы экономиканың дамуын жетілдірсек жақсы болар еді.

Облыста инфрақұрылымға аса көңіл бөлінген. Қазіргі сәтте құны 21,5 млрд теңге болатын 68 жоба іске асып жатыр. Жыл соңына дейін 37 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Солайша өңірде таза ауызсу пайдаланатын тұрғындар көрсеткіші 98%-ке жетпек. Ал автожол саласын дамытуға бюджеттен 25,5 миллиард теңге бөлініп, 710 шақырым жол жөнделді. Жыл соңына дейін аймақты газдандыру деңгейі 91%-ке жетпек. Ол үшін 10,5 млрд теңгенің 12 жобасы іске асып жатыр.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.