Тігінші мамандығы шыдамдылықты талап етеді

Петропавл қаласындағы тігін фабрикасында 50 адам жұмыс істейді.

Қазір олар мектеп формасынан бастап түрлі киім-кешек пішіп шығарады. Бұл еңбектің артында қарапайым тігінші тұр. Жастар бара бермейтін мамандық шығармашылық пен шыдамдылықты шыңдайды.

Тігіншілік екінің біріне қона бермейтін шығармашылық мамандық. Петропавлдық Елена Андреева осылай дейді. Ол ісмерлік өнеріне ширек ғасыр бұрын келіп, содан бері қол үзбей жұмыс істеп келеді. Қазір фабриканың ардагер маманы. 

Елена Андреева, тігінші:

- Қазір жаңа технологиялар заманы. Мысалы, кез келген киім үлгісін арнайы бағдарлама жасап шығарады. Біз дайын пішінді тігеміз. Әрине ол жағынан ыңғайлы. Әйтпесе тігіншінің жұмысы оңай емес. 

Бұл қаладағы ең ірі фабрика. Қазір мұнда тұрақты түрде 50 тігінші жұмыс істейді. Олар мектеп формасынан бастап осындай қазақы нақыштағы ұлттық киімдерге дейін пішіп шығарады. Еңбек адамдары елеусіз емес. 

Сергей Сокирко, тігін фабрикасының директоры:

- Ұжым ішінде әлеуметтік жарыс ұйымдастырамыз. Үздік жұмысшылар жылына екі рет шетелде демалуға жолдама алады. Тігіншінің еңбегі адам. Сондықтан біз оларды осылай ынталандыруға тырысамыз. Бұл мамандықтың тағы бір артықшылығы – тігінші жасына қарамастан әрдайым сұраныста болады. 

Ісмерлік өнер бұрыннан келе жатқан мамандық. «Бірақ қазір жастар жағынан қызығушылық болмай тұр», дейді ардагер тігіншілер. Өйткені бұл асқан табандылық пен шыдамдылықты талап ететін іс. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков