Қазақ-герман тарапы инвестиция мен бизнес мәселесін талқылады

Алмания астанасында Берлин Еуразия клубының 42-ші отырысы өтіп, қазақ-герман тарапы сауда, инвестиция мен бизнес мәселелерін талқылады, деп хабарлайды 24KZ. Германия федералды канцлері Олаф Шольцтің өткен қыркүйектегі Қазақстанға сапарының нәтижесі бойынша қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру жолдары сөз болды. Екіжақты табысты ынтымақтастық нәтижелерін саралап, 2025 жылғы жұмыс бағдарын айқындады.

2025 жылы АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы өршіп, көп елдің экономикасына әсер етеді деген қауіп басым. «Сондықтан Германия үшін Қазақстан секілді сенімді серіктеспен ынтымақтастықты арттыру аса маңызды», – дейді Берлин Еуразия клубының 42-ші отырысындағы сарапшылар. Шығыс Еуропадағы жағдайдан соң шикізат көзінің баламалы жолдарын іздеген әлемнің үшінші экономикасы Қазақстанға молырақ инвестиция құйып, кәсіпорын ашуға мүдделі екенін жеткізді. Оған соңғы екі жылдағы қос елдің үкімет басшылары жасаған сапарлар мен билік және бизнес өкілдерінің келелі келісімдері дәлел. Бүгінгі іс-шарада да қағаздағы уағдаластықтардың әлеуетті жоба болып бой көтеру керектігі басты назарда болды.

Майкл Хармс, Германия экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры:

- Кездесуде көп мәселе қозғалды. Қандай жайлы жағдайлар барын ғана емес, екі ортада қандай қиындықтар болатынын да сөз етіп, шешімін табуға тырыстық. Отырысқа Қазақстанда жұмыс істеп жатқан неміс компанияларымен қатар алда сіздің елде бизнесін өрбіткісі келетін кәсіпкерлер де қатысты. Екі ел ынтымақтастығының жетістіктеріне куә болып, Қазақстанның зор мүмкіндіктері барын біліп қайтты.

2023 жылы Қазақстан Германия Федералды үкіметі бекіткен арнайы инвестициялық кепілдік алуға мүмкіндігі бар 34 елдің қатарына кірді. Ал биыл қыркүйекте дәл сол үкімет Шикізат қорын іске қосты. Бұл Қазастанның Германия үшін аса маңызды серіктес екенін білдіреді. Берлин Еуразия клубына жиналған 100-ге жуық саясат пен бизнес саласының өкілдері де екіжақты серіктестікті кеңейтуге мүмкіндіктер мол екенін атап өтті.

Герлинд Хекман, Германия Экономика және климатты қорғау федералды министрлігінің бөлім басшысы:

- Жылдың қорытынды жиынында назарымызды қаржы мәселелеріне аударып отырмыз. Өз құзіретіме қарай кәсіпкерлерді, туристік және сауда бағдарламаларын қолдауға арналған жобаларды ұсындым. Жеке кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауды қалаймыз. Қазақстанмен ынтымақтастықта «Транскаспий дәлізіндегі» жүк тасымалы мен жасыл технологияларға бұдан да жоғары деңгейде басымдық бергіміз келеді.

Штефан Шмидт, Euler Hermes Aktiengesellschaft компаниясының бөлім жетекшісі:

- Кәсіп бастар алдындағы қарызды еурода алып, бірақ оны теңгемен өтегенде валюта әлсіреп, процесті біршама қиындатады. Сондықтан қазақстандық тарапта еуро секілді берік валютада қомақты қаражаты болуы маңызды. Ол үшін елдегі экспорт мөлшерін арттыру қажет. Сонымен қатар неміс банктерінің теңгемен қаржыландыру мүмкіндігін де талқылап жатырмыз.

Отырыс аясында осы сияқты мәселелер тілге тиек болып, неміс компаниялары сұрақтарына жауап тапты. Химиялық өнімдер шығаратын Германияның Lanxess компаниясы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы мен халықаралық сауда саласында танымал AKA банкі Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан.