Қазақстанның цифрлық геологиялық картасы жасалады
Елдің цифрлық геологиялық картасы жасалады. Жер қойнауындағы пайдалы кен қазбалары жан-жақты зерттеліп, ашық айналымға шығарылады. Үкімет бұл қадамға инвесторларды көптеп тарту үшін барып отыр.
Әсіресе сирек металдар қорына ерекше назар аударылады. Қазір елде 100-ден астам кен орны белгілі болды. Кейінгі жылдары ел көлемінде барлау жұмыстары кеңінен қолға алынды. Мәселен, жақында 800 мың тонналық сирек металл қоры бар жаңа кен орны анықталды.
Ұлттық компания игермеген учаске инвесторға беріледі
Ұлттық компаниялар қызығушылық танытпаған кен орындарын инвесторларға сату механизмі жеңілдейді. Биылдан бастап кен орындарын қолданысқа беру тәртібіне түзетулер енгізіледі. Энергетика министрлігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, ұлттық компания өзіне тиесілі учаскені үш жыл ішінде кәдеге жарату туралы өтінім беруге тиіс. Үш жыл мерзім учаске мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енген күннен бастап есептеледі. Сондай-ақ алыпсатарлық әрекетті жою мақсатында пайдалану ережесі жаңа шарттармен толықты. Яғни, жер қойнауын пайдаланушы барлау және өнім өндіру туралы келісімшарт жасалған күннен бастап алғашқы үш жыл ішінде иелік ету құқығын үшінші тұлғаға бере алмайды. Қазір заң жобасы Үкіметтің қарауында жатыр.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
- Өз қаражаты есебінен аз зерттелген учаскелерге геологиялық зерттеуді жүзеге асыратын инвесторларға жер қойнауын пайдалануға басым құқықтарды беруді қамтамасыз етіп отыр. Көмірсутек саласындағы ұлттық компаниялардың мүддесі жоқ учаскелерді енгізуге және игеруге мүмкіндік береді. Көрсетілген мерзімде ұлттық компаниялардан ұсыныс түспесе, учаске аукционға шығарылады.
Геология саласына ₸41 млрд инвестиция тартылды
Тау-кен саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында 2018 жылы жаңа кодекс қабылданған еді. Бұл кодекс геология және жер қойнауын пайдаланудағы ашықтықты қамтамасыз етті. Соның арқасында елдің барлық өңірінде барлау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туды. Барлауға ірі халықаралық компаниялар тартылды, инвестиция көлемі өсті. Мәселен, былтыр шетелдік 10 компания жалпы сомасы 41 млрд теңге қаржы құйды. 25 мың шаршы шақырымнан астам аумақ жан-жақты зерттелді.
Цифрлық геологиялық карта жасалады
Қазақстанның цифрлық геологиялық картасы жасалады. Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геологиялық барлаудың озық әдістерін енгізіп жатыр. Мәселен, биыл аэрогеофизикалық зерттеулер қолға алынды. Пилоттық жоба ретінде Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым аймағында барлау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар геологиялық деректерді цифрландыруға баса көңіл бөлініп отыр және деректерді өңдеуде жасанды интеллект технологиялары қолданылады. «Жасанды интеллект елдің геологиясы туралы ауқымды ақпаратты тез әрі тиімді өңдеуге мүмкіндік береді», – дейді Ұлттық геологиялық қызмет басшысы Ерлан Ғалиев.
Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геологиялық қызмет АҚ басқарма төрағасы:
- Осы шаралардың кейбірін 2025 жылдың 1-ші тоқсанында британдық геологиялық қызметпен бірге жүзеге асыру жоспарымызда бар. Сондай-ақ еліміздің ғылыми академиялық қоғамдастығымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының минерагеникалық кодексін әзірлеуге кірісеміз. Бұл кен орындарының әртүрлі топтарын анықтауға мүмкіндік береді. Олардың таралуы туралы болжам жасаудың ғылыми негізіне айналмақ.
Елде жүзден астам сирек металл кен орны бар
Бүгінде елде 100-ден астам сирек металл кен орны бары анықталды. Ол мәліметтер жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына енгізілді. Яғни, алтын, күміс, мыс, мырыш, темір, қорғасын, вольфрам, хром, молибден және марганец кен орындары мемлекеттік есепке алынды. Осы платформада кез келген адам қор көлемімен, барлау жұмыстарының қорытындысымен таныса алады. Жыл басынан бері анықталған 22 кен орны туралы ақпарат та осы платформада тұр. Яғни, олардың 12-сі қатты пайдалы қазбалар, 4-уі көмірсутек және 6-уы жерасты суы кен орны ретінде есепке алынды.
Қазір сирек металдар қорын барлау бойынша 12 учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Әзірге Күйректікөл учаскесінде 800 мың тонна металл қоры бары анықталды. Сондай-ақ нақтыланған қорды кәдеге жарататын алғашқы зауыттар да іске қосылды. Мәселен, қараша айында Абай облысының Көкпекті ауданында алтын мен күміс өндіретін жаңа кәсіпорын жұмысын бастады. Зауыт жылына 200 мың тонна алтын кенін өңдеп, 200 келіге дейін алтын, күміс шығарады.