Алматының туристік инфрақұрылымын дамытуға ₸700 млн-ға жуық қаржы бөлінеді

Алматы отандық туризм бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл саланы дамыту үшін алдағы жылы таулы және қалалық инфрақұрылымды дамытуға тағы 700 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бұл қаражатқа тау маршруттары жасалып, кемпинг аймақтар салынады. Бірқатар нысан қайта жаңғыратудан өтіп, туристік объектілерге тактильді көшірмелері де орнатылады. Одан бөлек, тау бөктеріндегі қауіпсіздік жұмыстары жетілдіріледі.

Алматының туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Қалаға тоғыз айда 1,7 млн-нан аса қонақ келген. Оның 500 мыңы – шетеліктер. Былтырғы жылмен салыстырғанда туристердің саны 24%-ке көбейген. «Бұл, біріншіден, қалалық және таулы инфрақұрылымның дамуы, сапалы қызмет көрсету және дұрыс жарнаманың нәтижесі», – дейді мамандар. Енді мүмкіндігі шектеулі қонақтардың сұранысы да ескерілмек.

Ғалия Тоқсейітова, қалалық туризм басқармасының басшысы:

- Келесі жылдан бастап инклюзивті туризм саласын да дамытамыз. Алматыдағы танымал объектілердің жанына тактильді үлгілері орнатылады. Нақтырақ айтсақ, Алматы музейі, шіркеу, мешіт, Ұлттық музыкалық аспаптар музейі сынды архитектурасы ерекше нысандар бар. Осылайша, ғимараттың ерекшелігі туралы қолмен ұстап біле алады. 

Статистика бойынша Алматыға келген шетел азаматтары отандық туристерге қарағанда 87 есе көп қаржы әкеледі екен. Мысалы, әрбір шетелдік орта есеппен 750-ден 1500 долларға дейін ақша жұмсайды. Туристердің ішінде Үндістан, Қытай, Ресей, Түркия және АҚШ азаматтары көп. 

Альбина Гибадулина, турист:

- Қазір ғана Шымбұлаққа барып келдік. Енді Көктөбеге барамыз. Келгенімізге бір күн ғана болды. Табиғаты керемет екен, туристер де көп жүр. Инфрақұрылым жақсы дамыған, түсінікті және қолжетімді екен. Қымбат емес, қыдырып келуге кеңес беремін.

Паритуш Верма, турист:

- Біз Алматыға бір аптаға келдік. Шымбұлақ, Медеу, Көлсай, Шарын шатқалы сынды табиғаты керемет жерлерді көрдік. Бұл қала қатты ұнады, таза, жасыл желегі көп, адамдары мейірімді екен. Қызмет көрсету де керемет, ауа райы тіпті тамаша болып тұр. Жазда тағы да келіп, өзге өңірлерді аралаймыз.

Қалада биыл 10 тау бағыты абаттандырылды. Мысалы, Тұйық су, Юннат көлі, Кіші Алматы шатқалы, Бұтақты шатқалы, Қара күнгей жотасы сынды маршруттар жөндеуден өтті. Ал келесі жылы навигациялық объектілері бар 10 тау маршруты құрылады. Одан бөлек, күн панельдері бар 3 кемпинг-аймақ салынады. Ондағы қауіпсіздік жұмыстары да жетілдіріледі.

Қуандық Дәулетияров, «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумақ басшысы:

- Медеу аудандық әкімшілігімен бірлесе отырып, туризмге, адамның өміріне қауіп төндіретін тас ағу аймақтарын тазарту жұмыстары жүргізілді. Горельниктің аумағында жеке бас гигиенасына арналған кабинкалар салынды. Бізде қазіргі таңда парк Медеу сайтында 8621 электрокар тіркелген. Ол жаңағы Шымбұлақ пен Медеу ортасында блокиратор арқылы өтуге тіркеуі бар машиналар.

Келесі жылы Алмарасан шатқалының инфрақұрылымы реттеледі екен. Туристердің өміріне қауіпті өзен аңғарлары, жаяу жүргіншілер жолы мен көпірлер жөнделеді. Мақсат – Кіші Алматы шатқалындағы туристер ағынын Үлкен Алматы шатқалына бұру.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев, Эдуард Кон.