Мәжілісте ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесі талқыланады

Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды 24KZ. Мемлекет тарапынан қазір көрсетіліп жатқан қолдау аясында агротехника паркі жаңартылып, ауыл шаруашылығы өнімдеріне импорттық тәуелділік азайды. Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі артып келеді. Дегенмен депутаттар мемлекеттік қолдауды жоспарлау және оның тиімділігін бақылау жүйесін әлде де жетілдіру керек деп отыр. Ертең Мәжіліс отырысында бірқатар өңірді субсидиялауға бөлінген қаражатты пайдаланудың тиімділігі бойынша Жоғары аудиторлық палата төрағасының баяндамасы тыңдалмақ.

Мәжіліс депутаттарының тапсырмасына сәйкес елдің Жоғары аудиторлық палатасы ауыл шаруашылығына бөлінетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін тексерді. Нақтырақ айтсақ, аудиторлар Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарын бақылауға алды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 4 өңірге 2022-2023 жылдарға бөлген 900 миллиард теңгенің қайда жұмсалғанын есептеді. Мұндағы 400 миллиардтан астамы несие бойынша пайыздық мөлшерлемені азайтуға, қалғаны диқандар мен мал асыраушыларды субсидиялауға бағытталған. Бірақ депутаттар оның нәтижелері жоспарланған көрсеткіштерге сәйкес келмейді деп отыр.

Еркебұлан Мәмбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Аудиторлық тексеру барысында 146 миллиард теңгенің тиімсіз пайдаланылуы анықталды. Мұны «қаржылық бұзушылықтар» дейді. Қазір 4 іс құқық қорғау органдарына жіберіліп, 30-ға жуық іс әкімшілік жаза қарастыру мақсатында тиісті органға бағытталды.

«Субсидия алған шаруа оның нақты нәтижесін көрсету керек», – дейді депутаттар. Яғни, бұл тұста фермерлердің міндеттерін арттыру керек. Мәселен, мал шаруашылығында асылтұқымды малдың басын көбейту, ал ауыл шаруашылығында өнім көлемін арттыру маңызды. Осы ретте жауапты министрлік әр статистикаға нақты талдау жүргізу қажеттігін алға тартып отыр.

Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Әр статистиканы жеке-жеке талдау керек. Мәселен, субсидия алушылардың саны қанша, субсидияның түрлері қандай, нақты қанша фермер жосықсыз кооперативтің құрбаны болып отыр. Міне, алдымен осыны анықтап алуымыз қажет. Себебі субсидия алуға талпынған шаруалар өзінің электронды қолтаңбасын кооперативтерге сеніп тапсырады. Бұл тұста кооперативтер ұрымтал тұсты пайдаланып, ақшаны жымқыруы мүмкін. Алайда біздің жүргізген талдауымызға сәйкес жосықсыз ұйымдардың үлесі 1%-тен төмен. Яғни, субсидиялау процесін «жемқорлық» немесе «тиімсіз» деп айту дұрыс емес.

Жалпы биыл мемлекеттік қолдау нәтижесінде ауыл шауарышылығы техниксы 5%-ке жаңартылды. Нарыққа сырттан келетін құс етіне тәуелділік 53-тен 27%-ке, яғни екі есе төмендеп отыр. Азат Сұлтановтың айтуынша, оң көрсеткіштер мал шаруашылығы мен сүт өнімдерін өндіруде де бар. Қазір нарықта отандық өнім көбейген. Бұдан бөлек, дала жұмыстарын да айта кету керек. Алдағы көктемгі егіс жұмыстарына диқандарға 500 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ көбіне мемлекеттік қолдауға ірі шаруа қожалықтары ие болып жатады. Қазақстан фермерлері қауымдастығының өкілдері осылай дейді.

Ермек Абуов, Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Бүкіл санаттағы шаруашылықтардың 5 пен 7% аралығында ғана алып жатыр. Егер 100% деп есептейтін болсақ. Қалғандары субсидия алмайды. Жұртшылық шаруашылықтарға ол бір тиын да қарастырылмаған. Субсидия көлемін негізінен жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер санап, қанша қаражат қарастыру керек екенін болжауы керек. Өкінішке қарай, көп жағдайда әкімдіктер дұрыс санамайды. Қаражат көлемінің жетпей жататыны да сондықтан.

Ермек Абуов: «Жүйелі, тұрақты әрі ашық субсидиялау тетіктері қажет», – дейді. Сондай-ақ «Фермерлердің жұмыс қарқынын күшейту үшін елде «АгроБанк» құру керек», – деді.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мадияр Кындыбаев.