Трансшекаралық хабтарды құру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Бүгін Үкімет отырысында трансшекаралық хабтарды дамыту мәселесі қаралды. Яғни, еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру үшін жасалуға тиіс өзгерістер талқыланды. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық етті. Онда бірнеше жауапты тұлғалар бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде есеп берді.
Жиында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шекара маңындағы сауда-экономикалық хабтар желісін құру, инвестиция тарту және еліміздің экспорттық әлеуетін нығайту шаралары туралы баяндады. Оның сөзінше, бүгінде теміржол және автожолдары арқылы қосылған 5 трансшекаралық хабты қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын «Қорғас торабы», Транскаспий бағытын байланыстырушы «Каспий торабы», Ресей Федерациясымен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы, Өзбекстанмен шекарадағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы және Қырғызстанмен шекарадағы Индустриялық сауда-логистикалық кешен бар.
Сонымен қатар Маңғыстау облысындағы Ақтау және Құрық порттарында контейнерлік хабтар мен Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары әуежайларында мультимодальды әуе хабтарын құру пысықталып жатыр.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Бүгінгі таңда хабтарды құруға қажетті ұйымдастыру және өкімдік құжаттарды қабылдау бойынша іс-шаралар мен рәсімдер толық аяқталды. Атап айтқанда, Өзбекстан және Қырғызстанмен 2 үкіметаралық келісімге қол қойылып, индустриялық аймақтар құрылды. Озық даму аймақтары ретінде трансшекаралық хабтар жүйесін құру арқылы шекара маңы елдерімен бірлескен өндірістерді құру халықаралық жүк тасымалы ағындарын қамтамасыз ету үшін заманауи мультимодальды хабтар ұйымдастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар еліміздің құрлықаралық және мемлекетаралық экономикалық дәліздер жүйесіндегі рөлін күшейтіп, тауар айналымын өсіреді және өнеркәсіптік кооперация мен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырады деген болжам бар. Жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін Жедел жұмыс тобы құрылған. Ал Премьер-министр инвесторларды іздеу және хабтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі көлік хабына айналуға тиіс. Ол үшін шығыс-батыс, солтүстік-оңтүстік және Транскаспий көлік бағытының әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Қазақстанда бес хабты толық іске қосу жүктерді өткізу уақытын қысқартуға, өнеркәіп өндірісінің көлемін арттыруға және салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы хабтар жүйесі біздің сауда серіктестерімізбен біртұтас көлік кеңістігін қалыптастыруға тиіс.
Үкімет басшысы бұл үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің барлық ресурстарын жұмылдыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар Қытай, Парсы шығанағы, Кавказ және Еуропа нарықтарына шығуды қамтамасыз ететін Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік бағыты дәліздерінің әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызына тоқталды. Сондықтан Сыртқы істер, Сауда және интеграция министрліктеріне әкімдіктермен бірге әрбір хаб үшін әлеуетті шетелдік инвесторлардың пулын құрып, олардың жобаларға қатысуын пысықтауды, сондай-ақ хабтарды басқаратын компаниялардың жұмыс жағдайларын айқындауды тапсырды. Ал Өнеркәсіп министрлігі Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен трансшекаралық хабтарды дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтарды құру және кеңейту жөніндегі қажетті шараларды бір айдың ішінде қабылдауы қажет. Осылайша, Мемлекет басшысының Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі көлік хабына айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау көзделген.