Алматы облысында 360 тонна азық-түлік арзан бағада сатылды

Алматы облысында тұрақтандыру қорындағы 360 тонна азық-түлік сатылды. «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қорында күнделікті тұрмысқа қажетті 13 мың тонна тауар бар. Мұндағы өнімдер делдалсыз тікелей алынады. Сол себепті бағасы нарықтағыдан бірнеше есе арзан. 

Алматы облысы бойынша бағаны тұрақтандыруға биыл 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. 4 млрд теңгесі «айналым схемасына», ал қаржының қалған бөлігі тұрақтандыру қорын қалыптастыруға жұмсалды. Алматы облысында өткен 9 айда қызмет көрсету және тауарлар бағасы 3,7%-ке өскен. Бұл өзге өңірлермен салыстырғанда 1,5-2 есе төмен.

Жақында Қонаев қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары саттылатын екі павильон іске қосылды. Өңірде алдағы уақытта тағы осындай 5 орын ашылады.

Жандос Тұрысбеков, «Қонаев» ӘКК Азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері:

- Жалпы Алматы облысында бағаны тұрақтандыру механизмдері бойынша екі бағытта жұмыс жасалып жатыр. Ол жеңілдетілген несие беру мен мына тұрақтандыру қорының әлеуметтік маңызды тауарларын өзіміздің әлеуметтік дүкендерге жеткізіп беру. Қазіргі уақытта біздің облыс бойынша 47 агенттік келісім жасалған. 13 мың тоннадан аса азық-түлік тауарлары контракцияланған. Оның ішінде 3 мыңнан астамы – қазіргі маусымаралық кезеңге арналған көкөніс өнімдері.