ШҚО-да 40 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында жалпы құны 1 трлн теңге болатын 40 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. 2025 жылы экспортқа өнім шығаратын 10 кәсіпорын ашылады. Өңірде түсті металды қайта өңдеу ісі қарқын алды. Туризмді дамытуға бағытталған жобалар да бар. Демалыс орындарының инфрақұрылымы жаңғырытылады. Катонқарағай, Зайсан курорттық аймақтарында жаңа әуежай салынады. Сондай-ақ «Жайлы мектептер» бой көтеріп, барлық деңгейдегі медициналық нысандар қайта жасақталады.

Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік әлеуеті ірі бизнес өкілдерінің назарында. Әлемдік деңгейдегі ірі компаниялардың өкілдері өңірдің мүмкіндіктері мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің өсу қарқынын зерделеді.

ШҚО әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші 2024 ж.

  1. Экономиканың өсуі +6,5%
  2. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі +3%
  3. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру +2,4%
  4. Негізгі капиталға салынған инвестиция +16,4%
  5. Салық төлемдер (бюджеттік түсім) +28,9%
  6. Шағын және орта бизнес +15,7%

Нәтижесінде шығыста мыс өндіру мен өңдеу бойынша тау-кен байыту комбинаты салынады. Экспорттық көрсеткіштерді арттыру мақсатында түсті металл сынықтары мен мыс өңдеу, полиэтилен құбырларын шығаратын зауыты ашылады. Құны 200 млрд теңгеден асатын шетелдік инвестиция литий өндіру жобаларын дамытуға бағытталып, электромобильдер мен заманауи гаджеттер шығару үшін негізгі энергия көзі болады.

 

Өңірде көлік құрастыру зауытына қажетті маман даярлайды

Автокөлік өнеркәсібіндегі соңғы қалыптасқан үрдістерді ескере отырып, жергілікті мамандар елімізде алғашқы болып электр қондырғыларына қызмет көрсетуді бастады. Қазір өскемендік инженерлер еліміздегі көлік құрастыру зауыттарында маман даярлап жатыр. Лу Бан цехының шебері Мұрат Мұздыбаев болашақ көлік жасаушыларға электр қозғалтқыштарды қалай шашып-жинау керектігін үйретеді.

Мұрат Мұздыбаев, инженер:

- Жігіттер шынымен де техникалық қызмет көрсетуге қатысты ең заманауи автомобиль конструкциялары мен технологияларына қол жеткізді. Сондай-ақ бұл жоғары технологиялық құрылғыларға қызмет көрсету және ең алдымен бұл литий-ионды аккумуляторлар болып табылады.

 

Өңірде 400 шақырым жол жөнделіп жатыр

Жол саласында соңғы 30 жылда болмаған ең ауқымды жоба қолға алынды. Биыл республикалық маңызы бар 400 шақырым жолға асфальт төсеу жұмыстары басталды. Шағын ауылдардың да көшелері түзеліп келеді. Өңірдегі елдімекендерді байланыстыратын 120 шақырым жолға асфальт төселді. Президенттің тапсырмасымен облыстың 6 ауданын Бұқтырма су қоймасы арқылы байланыстыратын Орталық Азиядағы су үстіне салынған ірі көпір пайдалануға берілді. Тағы бір ауқымды жоба Катонқарағайдағы ескі әуежай қайта жаңғыртылып жатыр. Ұшып-қону жолағы ұзартылады. Ал Зайсан ауданында жаңа әуежай салынады. Астана мен Алматыдан шыққан туристер енді 2 сағатта ұлттық саябақ аумағында болады.

Ардақ Мәдиев, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы:

- Былтыр Шығыс Қазақстан облысына 370 мыңнан астам турист келді. Біз алдағы жылдары туристер ағынын 2-3 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Әуежай құрылысы аяқталса, ол мақсатқа да жетеміз деген ойдамыз.

Туристер әсем табиғаты мен өзен-көлдеріне қарап, Шығыс Қазақстан облысын екінші Швейцария деп атайды. Алайда демалыс орындарындағы қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпейді. Сондықтан мемлекет туризм саласындағы инвестициялық жобаларды субсидиялауды бастады. Биыл жергілікті қонақүй иелеріне 700 млн теңге субсидия төленді. Шетелдік инвесторлар Катонқарағай ауданында бес жұлдызды қонақүй құрылысын жүргізуге ниетті.

 

Тұрғын үй құрылысы екі есе артты

Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 769 пәтер берілді. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, 17 жылдан бері пәтер жағалап жүрген Альфия Кәрімова көптен күткен баспанасына қол жеткізді.

Альфия Кәрімова, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Мен өз үйімнің үйімнің болғанына қатты қуаныштымын. Бұл біз сияқты пәтер сатып алуға шамасы келмейтін азаматтар үшін үлкен қолдау болды. Мемлекеттің бізге осындай қамқорлық жасап жатқанына ризамын.

 

Медициналық мекемелер заман талабына сай жабдықталып жатыр

Ауыл медицинасына да қолдау көрсетіледі. Биыл өңірде 18 жаңа медициналық орталық ашу жоспарланса, төртеуі қазірдің өзінде науқастарды қабылдап жатыр.

Тамара Пешкова, Феклистовка ауылының тұрғыны:

- Біздің медициналық мекемеге де жаңа компьютерлік құрылғылар мен медициналық жабдықтар әкеліп жатыр. Бұл ауылдық жердегі медицина саласына қатысты көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Өйткені бұрын дәрігерге қаралу үшін Серебрянкаға баратын едік. Енді алысқа баруға қажеті жоқ.

Күрделі экологиялық өнеркәсіптік аймақта озық медицинаны дамытқан жөн. Бүгінде 100-ден астам шығысқазақстандық дәрігер Германия, Ресей және Түркияның жетекші клиникаларында білімін жетілдіріп жатыр. Санкт-Петербург ғылыми-институтының хирургы Владимир Нефедов Өскемендегі көпсалалы онкологиялық орталықта әріптестеріне шеберлік сабағын өткізіп, жолақты кесусіз шағын инвазивті операциялар жасап жатыр.

Тілеубек Нұрғалиев, облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының хирург-онкологы:

- Медицина деген – ол күнделікті дамып отыратын сала. Қанша жыл өмір сүрсең, сонша жыл оқу керек. Сол себепті ресейлік әріптестермен тәжірибе алмасуды өте жақсы деп ойлаймын. Олар бізге операция жасаудағы әртүрлі әдістерді көрсетіп жатыр. Соларды біз өзіміздің операциямызда қолданып жатырмыз. Олардың келгеніне өте қуаныштымыз.

 

Өңірде 7  «жайлы мектеп» салынып жатыр

Дәрігер, инженер, металлург, кімді алсаңыз да, мектеп табылдырығын аттап, үлкен өмірге қадам басады. Сондықтан мектептегі сапалы білімнің маңызы зор. Қазір өңірде 7 «жайлы мектеп» салынып жатыр. Ол мектептерде университеттен кем түспейтін робототехника сыныптары мен ғылыми зертханалары болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.