Жетісуда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ₸35 млрд бағытталды

Келер жылы Жетісу жұртшылығын көгілдір отынмен қамту үлесі 71 пайызға жетеді.

Бұл туралы аймақ басшысы Бейбіт Исабаев баяндады. Аграрлы аймақта ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамытуға да басымдық беріліп жатыр. Биыл өңірге 396 млрд теңге инвестиция тартылды.

Көксу ауданындағы 26 ауылдың жартысынан көбіне газ құбыры тартылған. Жақында Кеңарал елдімекені де көгілдір отынмен қамтылды. Былтыр өңір тұрғындарының 38 проценті ғана табиғи газ тұтынса, биыл бұл көрсеткіш 57 пайызға жетіп отыр.

Фарида Жамалхан, Кеңарал ауылының тұрғыны:

- Біз өзіміз отбасымызда 8 жан басы тұрамыз. Үйімізге енді газ қосылып қуанып жатырмыз. От жағу машақатынын қыстың аязды күндері газдың жылуын сезінетін болдық. 

Облыста энергия өндірісін арттыру мақсатында Басқан өзенінің бойында гидро электр стансасы салынып жатыр. Оның құрылысы таяуда аяқталады. Өңірде жел, күн және су электр станцияларының он бесі бар. Келер жылы олардың қатары тағы үшеумен толығады. 

Тамара Балаева, зауыт жұмысшысы:

- Осы зауытқа дейін 35 жыл жұмыс істедім, пайшица болып. Жаңа зауыт болғаннан кейін осы жаққа келіп пайшица болып жұмыс жасаймын. Күніне 300 аккумулятор шығарамыз. Сапалы жаңа технология бәрі жаңа. Жақсы аккумулятор шығарамыз.

Биыл облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 35 млрд теңге бағытталды. Елдегі жүгері алқабының 25 пайызы, майбұршақтың 68 проценті, ал қант қызылшасының тең жартысынан астамы Жетісу облысына тиесілі. Биыл аймақ шаруалары 14 мың гектарға жуық алқапқа тәтті түбір сеуіп, 620 мың тоннадан аса өнім алды. 

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- 2024-2026 жылдары жалпы құны 33,2 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығына қатысты 31 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның 13-і биыл жүзеге асырылды. Келесі жылы облыста 5,3 мың га суармалы жерді игеріп, 37,1 мың га жерді сумен қамтамасыз етудің жағдайы жақсаратын болады. 

Ал баспана құрылысына 7,6 млрд теңге жұмсалды. Оған 56 көпқабатты және 214 жеке тұрғын үй салынды. Бұл жұмыстар баспанасы апатты деп танылған отбасылар мен әлеуметтік осал топтағыларды пәтермен қамтуға жаңа серпін берді. 

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Облыста 30 мыңға жуық кезекте тұрған адамдар болса, шамамен жылына, біз мақсат етіп қойдық, 7-9 пайыз халықты үймен қамтамасыз етсек, алдағы 5 жылдың ішінде кезектің санын 2 есеге дейін қысқарту мүмкіндігі бар.

Жергілікті маңызы бар 193 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94 пайызға дейін артты. Енді Балқаш көлінің жағалауына инфроқұрылымдық желілерді тартып, туризм саласының кең қанат жаюына жағдай жасау міндеті тұр.

Еркебұлан Смадияров