Павлодар облысы үш күн бойы ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізеді
Жаңа жыл қарсаңында Павлодар облысы қатарынан 3 күн ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізбек.
Бұл халықты арзан азық-түлікпен қамту үшін қабылданған шешім. Тауар өндірушілер өнімдерін делдалсыз сатады. Ал тұрақтандыру қорында 12 түрлі азық-түлік жиынтығының 11 мың 400 тоннадан астам қоры жиналған. Бұл 2,3 миллиард теңгенің өнімі. Мереке қарсаңында құны шарықтап кететін жұмыртқа және, қияр мен қызанақты қымбаттатпау үшін, меморандум жасалды.
Павлодар облысы көкөністен тек пияз бен қырыққабатты ғана оңтүстік өңірлерден сатып алады. Қалғаны жергілікті тауар өндірушілердің өнімі. Сатушы Әсем Сейітмағамбетова күніне жеті-сегіз қап картоп сатады. Сәбіз, қырыққабат, қызылша да әлеуметтік бағамен сатылып жатыр.
Әсем Сейітмағамбетова, сатушы:
- Бағасы бізге ұнайды, бәрі келеді. Осылай кезекте тұрады таңертеңнен. Бағалар бізде социальный жақсы ғой. Неше процентке арзан? 10 процент, 15 процентке арзан.
Жанар Садығұлова, қала тұрғыны:
- Өз жанұямызға ыңғайлы бағалар. Үйдің жанында. Көріп тұрсыз мен көп алып жатырмын. Менде екі семьяға бірақ аламын. Сапалары да жақсы, бағасына қарағанда супермаркетке қарағанда кәдімгідей арзан.
Бұл өнімдер тұрақтандыру қорынан шығарылған. Облыс бойынша 208 дүкенде сатылады. Көкөністен бөлек тұрғындар қант, күнбағыс майы, жарма түрлерін сатып алады. Әдетте кез келген мереке қарсаңында жұмыртқаның бағасы шарықтап кететіні бар.
Тимур Жантеміров, "Павлодар ӘКК" Басқарма төрағасы:
- Бүгінгі күні жергілікті тауар өндірушімен 5 миллион дана жұмыртқаға келісім жасалды. Соған сәйкес шамамен 4 миллион теңгенің өнімі бар. Жаңа жыл қарсаңында жұмыртқаға сұраныс артады. Осыны ескере отырып, қосымша миллион дана жұмыртқаға «Шарбақты құс» фабрикасымен келісімге келдік. Сондықтан жұмыртқаның бағасы қымбаттамауы тиіс.
Облысқа тауық етінің көп бөлігі өзге өңірлерден келеді. Күнбағыс майын Шығыс Қазақстан облысынан алады. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар меморандум жасалды. Соның арқасында облыс аумағындағы үш жылыжай кешені қияр мен қызанақтың бағасын бекітті.
Әйгерім Қабылтаева, облыс әкімінің орынбасары:
- Біз өзіміздің кәсіпорындармен меморандумдарға қол қойып, қазіргі таңда қияр 900 теңге, помидор 700 теңге кг шаққанда сол бағамен жіберілетін болады. Құны 10 -15 пайыздан аспайтын мөлшерде ол біздің дүкендерде, «Жайлау» фермерлік базарында сатылатын болады.
Жаңа жыл қарсаңында үш күн қатарынан ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр. Ет, сүт, балық, көкөніс және азық-түлік түрлері арзан бағада сатылады. Биыл фермерлер 700 мың тоннадай картоп, 200 мың тоннадай көкөніс жинады. Заманауи қоймаларда өнімнің келесі маусымға жететіндей қоры сақтаулы. Қымбатшылықтың алдын алу үшін әр сенбі сайын ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналған.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков