Биыл Қостанай облысында екі зауыт іске қосылды
Бірі шойын құю, екіншісі жылжымалы вагон құрамасының серіппесін шығаратын кәсіпорын.
Өңірде темір кені шикізатын терең өңдеуге ерекше мән беріліп отыр. Алдағы бір-екі жылда ыстық брикетті темір өндіретін,болат қорытатын зауыт салу жоспарда бар. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов осылай деп мәлімдеді.
Қостанай облысында соңғы жылдарда өнеркәсіп өндірісі қарқынды дамып келеді. Әсіресе машина жасау саласының жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Жергілікті зауыттан биыл 77 мыңнан астам көлік шығарылды. Одан бөлек үлкен ірі жоба Кіа зауыты салынып жатыр. Алдағы жылға белгіленген жұмыс жоспары да ауқымды.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Биыл сондай-ақ өңірде автобөлшектер өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Келер жылы жүк көліктерінің жетекші белдемесін шығаратын өндіріс орынын іске қоспақ ойымыз бар.
Таяу жылдарда Қостанайда болат қорытатын зауыт салынады. Сондай-ақ ыстық брикетті темір өндіретін кәсіпорынның пайда болар күні алыс емес. Міне осы ірі екі жобаның арқасында, Қостанай – қара металлургия орталығына айналады, деді облыс басшысы.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Мырыш тотығы және қорытпасын шығаратын өндіріс орынын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ өңірде сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт салынатын болады.
Әрине өндірістің өркендеуі электр энергиясына тәуелді. Қазіргі кезде Қостанай облысы өзі өндіретін электр қуатынан төрт есе көп тұтынады. Міне осы тапшылықты жою үшін келер жылы күн және газпоршенді электр станциясын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Арқалық пен Қостанайда жел электр станциялары бой көтермек.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Осы нысандар пайдалануға берілгенде облыста электр энергия өндірісі 10 есеге өседі. Біз өзімізге қажетті көлемді толығымен жабамыз.
Облыста қазір табиғи газ тапшылығы да байқалып отыр. Қолданыстағы магистралды құбырдың қуаты жетпейді. Сондықтан Ақтөбе-Қостанай газ құбыры құрылысына артылар үміт зор. Бұл жоба халық тұрмысының жақсарып, өндірістің дамуына да үлкен серпін бермек.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров