«ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері үшін еңбек жағдайларын жетілдірді
«ҚазТрансОйл» АҚ өз қызметкерлері үшін еңбек жағдайларын жақсартып жатыр.
Атырау облысындағы "Аман" мұнай айдау станциясында үшінші іске қосу кешені пайдалануға берілді. Жаңа кешенде вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнайқұбыршылардың жайлы жұмысы мен бос уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған.
«Қазақстан — Қытай» магистральдық мұнай құбырлары жүйесінің құрылысы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның ірі инвестициялық жобаларының бірі. Өнімділігі жылына 6 миллион тонна болатын "Кеңқияқ-Атырау" мұнай құбыры учаскесінің бірінші кезеңін "ҚазТрансОйлдың" еншілес ұйым — "МұнайТас" компаниясы іске асырып жатыр. Аталған жоба мұнай құбырының өнімділігін артыруға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Даир Құлекеев, «Мұнай тас» ЖШС Бас директоры /Басқарма төрағасы/:
- "Аман" станциясындағы III іске қосу кешенін пайдалануға бердік. Бұл "Кеңқияқ-Атырау"мұнай құбырының реверсі жобасын іске асырудағы маңызды кезең. "Кеңқияқ-Атырау"мұнай құбырының реверсінің 1-кезеңі жылына 6 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан - Қытай жобасы аясында іске асып жатқан шара.
"Аман" мұнай айдау станциясының жаңа III іске қосу кешенінде әкімшілік ғимарат, 74 орындық жатақхана, асхана және спорт алаңы бар.
Нұрлан Жанәділов, «Қазтрансойл» АҚ «Аман» мұнай айдау станциясының ауысым басшысы:
- Жатақхананың жай-күйі жасалған. Байланысы бар. Ыстық суы, мұздай суы, бүкіл жаңағы санитарлық тораптары, душевой дейді ғой бәрі ішінде. Іші жылы. Станцияның территорясында спорт алаңы бар.
«ҚазТрансОйл» компаниясы үшін еңбек адамдары ең құнды капитал және олардың еңбек етуіне ыңғайлы жағдай жасау Ұлттық оператордың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Мысалы, жақында Павлодар мұнай құбыры басқармасының "Екібастұз" мұнай айдау станциясында жаңа қызметтік-тұрмыстық корпустың құрылысы да аяқталды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысындағы "Әлібекмола" мұнай айдау станциясы қызметкерлеріне арналған жатақхананы қайта жөндеуден өтіп, пайдалануға берілгелі жатыр.
Елдос Кәкенов