Отандық транзит дәліздерінің әлеуеті

Қазақстан 2030 жылға қарай тасымалдау көлемін 2 есе арттырады. Қазір ел аумағында транзит әлеуетін еселеп отырған 13 халықаралық дәліз бар. Биылдыққа осы арқылы 32 млн тонна жүк тасымалданды.

Транскаспий халықаралық көлік бағытының қуатын 10 млн тоннаға дейін жеткізу керек. Көлік министрі Марат Қарабаев осындай жоспарын айтты. Кейінгі 4 жылда оның тасымал көлемі 5 есе өскен. Сөйтіп 800 мың тоннадан 4 млн тоннаға дейін көбейген. Министрлік отандық транзит дәліздерінің тартымдылығын одан әрі арттыруға күш салмақ. Бұл тұрғыда «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің де маңызы зор. Әрі үлкен әлеуетке ие. Ресей мен Парсы шығанағындағы елдерді байланыстыратын дәліздің жалпы өткізу мүмкіндігі жылына 10 млн тоннаны құрайды. Енді қабылданған арнайы жол картасының арқасында көрсеткіш 20 млн тоннаға жетпек. Бұл үшін Ақтау және Құрық теңіз порттарының инфрақұрылымын дамыту маңызды. Осылайша 3 жылда Ақтау портының контейнер өңдеу қабілетін 140 мыңнан 550 мың контейнерге дейін ұлғайту көзделеді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Жоғарыда аталған дәліздердің дамуында Ақтау және Құрық теңіз порттарының инфрақұрылымы маңызды рөл атқарады. Министрлік алдағы 3 жылдың ішінде Ақтау портының контейнер өңдеу қабілетін 140 мыңнан 550 мың контейнерге дейін ұлғайтады. Қазір Құрық–Алят бағытында тек әзербайжандық паромдар жұмыс істейді. Қазір елге ең кемінде 7 кеме қажет. Оның өндірісін қалыптастыру үшін түркиялық компаниялармен Құрық портының жанында арнайы зауыт салуды жоспарлап отырмыз.

Транзиттік өткізу көлемі артады

Жоспарға сай теңіз порттары арқылы өткізу көрсеткіші алдағы 5 жылда 28 млн тоннаға жетеді. Ал теміржол арқылы өткізу 9-дан 60 жұп пойызға дейін «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінде 2,5 есе артып, 17 жұп пойызға дейін, Ресей-Қытай, Орталық Азия бағыты бойынша 3 есе көбейіп, 60 жұп пойызға дейін, ал Қытай-Еуропа бағытына 5 есе, яғни 12-ден 60 жұпқа дейін арттыруға ден қойылады. Ал автомобиль жолдары арқылы тасымал 2029 жылға дейін тәулігіне 11 мың тоннадан, 13 мың тоннаға дейін артады.

5 трансшекаралық хаб құрылады

5 трансшекаралық хаб құрылады. Оның алғашқысы Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталатын «Қорғас» торабы. Ал «Каспий» торабы Транскаспий бағытын байланыстырады. «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Ресеймен өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға үлес қосса, «Орталық Азия» халықаралық орталығы Өзбекстанмен шекарада өндірістік тауарларды таратуға ықпал етеді. Ал индустриялық сауда-логистикалық кешенді Қырғыз елімен жобаларды іске асыру үшін құру көзделген. Сауда және интеграция министрлігі хабтарды құруға дайындығын жеткізді.

Қытай бағыты - «Қорғас торабы»

Транскаспий бағыты - «Каспий торабы»

Ресей бағыты - «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы

Өзбекстан бағыты - «Орталық Азия» ХӨКО

Қырғызстан - Индустриялық сауда-логистикалық кешен  

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Бүгінгі таңда хабтарды құруға қажетті ұйымдастыру және өкімдік құжаттарды қабылдау бойынша іс-шаралар мен рәсімдер толық аяқталды. Атап айтқанда Өзбекстан және Қырғызстанмен 2 үкіметаралық келісімге қол қойылып, индустриялық аймақтар құрылды. Озық даму аймақтары ретінде трансшекаралық хабтар жүйесін құру арқылы шекара маңы елдерімен бірлескен өндірістерді құру халықаралық жүк тасымалы ағындарын қамтамасыз ету үшін заманауи мультимодальды хабтар ұйымдастыруға ықпал ететін болады.

Биыл транскаспий жүк тасымалы артты

Өтіп бара жатқан жылда Транскаспий жүк тасымалы 63% артып, 4 млн тоннадан асты. Үкімет аталған халықаралық көлік бағытының тұрақты өсімге бет бұрғанын мәлімдеді. Алдымен өткізу мүмкіндігі жылына 6 млн тоннаға артады. 11 айда контейнерлік тасымалдар 2,5 есе көбейген. Оның үстіне биыл Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру орталығы іске қосылды. Ол Еуропа мен Азия арасындағы жеткізу мерзімін 15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазір осынау жобаға Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Қытай елдері мен компаниялары қатысып жатыр. Демек Транскаспий халықаралық көлік бағытының жаһандық сауда үшін маңызы артып келеді.