Шымкенттік теміржолшылар жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алады

Шымкентте жаңа жылға орай жолаушыларға қызмет көрсетушілер күшейтілген жұмыс кестесіне ауысты.

Мерекеге қарамастан теміржолшылар мен вокзал қызметкерлері осы тасымал түрін таңдаған халық үшін әдеттегідей күндіз-түні жұмыс істейді. Аймақтағы әріптесім жаңа жылды жұмыста қарсы алатын мамандардың бірімен тілдесіп қайтты.

Қызметіне жауапкершілікпен қарайтын Әлия Қалаубаева жаңа жылды жұмыста қарсы алады. Ол теміржол вокзалында 4 жылдан бері пойыздың жүру кестесінен хабар беріп, халықты ақпараттандыруға үлес қосып келеді.

- Пойыз жүрер алдында сақ болыңыздар! Тыңдаңыздар, жолаушы азаматтар. Барша Шымкент теміржол вокзалының жолаушыларын жаңа жыл мерекесімен құттықтаймыз.

Ел игілігі үшін еңбек етіп келе жатқан маманның мерекеге дәл келген кезекшілігі осымен бірнеше рет қайталанған. Бұл күні жолаушылар арасында қарбалас көбейеді, дейді ол. Сондықтан дауыс зорайтқыш арқылы қауіпсіздік ережелері жиі насихатталып, хабарландыру да артатынын айтады.

Әлия Қалаубаева, теміржол вокзалының хабарлаушысы:

- Мереке күндері күшейтілген тәртіпте жұмыс істейміз. Жолаушылар бұл күндері өте көп болады. Жүктеме көбейеді. Абыр-сабырда, үйлеріне асығып жататын жолаушылар құнды заттарын жоғалтып алатын кездер болады. Біз барынша жолаушыларға көмек беруге және өздерінің пойыздарына уақытылы отырып кетуіне барынша атсалысамыз.

Халықтың қала арасын байланыстырған теміржол тасымалына қашан да сұранысы жоғары. Сондықтан үздіксіз қызмет мереке күндері күшейтілген режимге көшіріліп, жолаушылардың қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Пойызының тоқтауын тағатсыздана күтіп тұрған Татьяна Казбан мерекені отбасымен атап өтуге асық.

Татьяна Казбан, қала тұрғыны:

- Мен өзім Шымкенттікпін. Саратов қаласынағы үлкен әпкемнің үйіне қарай жолға шығып жатырмын. Бауырларыма тосын сый жасап, балаларын көріп қайтқым келді. Жаңа жылды солармен қарсы алатындығымды әлі айтқаным жоқ.

Жолаушылар үшін станса қызметкерлерінен бөлек, машинистер мен жолсеріктер жұмыс істейді. Теміржол саласын таңдаған диспетчерлер мен инженер, техниктер де кезекшілікке шығады. Қызметіне құрметпен қарайтын қарапайым мамандар үшін халықтың қауіпсіздігі басты орында.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов