Алтын қордағы сегіз фильм қалпына келтірілді

«Қазақфильм» киностудиясы биыл алтын қордағы 8 фильмді реставрациялады.

Енді көрермен  «Қыз Жібек», «Көксерек», «Ана туралы аңыз», «Атамекен», «Алдар көсе» сияқты фильмдерді өте жақсы сапада тамашалай алады. Фильмдер «Қазақ киносының алтын қорын цифрландыру және қалпына келтіру» мемлекеттік жобасы аясында қайта өңделді. Сондай-ақ, биыл қазақ анимациясының да кішкентай көрерменге сыйы бар.

Қайта өңдеуден өткен фильмдердің таспаланғанына алды алпыс жылдан асқан. Уақыт өте келе пленкаларға сызат түсіп, ескірген. Көзге оғаш көрінетін дақтар киноның эстетикалық әдемілігін жояды, - дейді мамандар. Бір айта кетерлігі, кеңес заманында түсірілген фильмдердің түпнұсқасы  Ресейдің Мемлекеттік кино қорында сақталған. Екі елдің мәдениет министрлігі өзара келісім жасап, отандық кинокартиналар алдымен сандық форматқа көшірілді. Одан кейін ғана қалпына келтіру жұмыстары басталған. 

Баян Кеңес, цифрлық және пленкалық  жобаларды үйлестіру бөлімінің жетекшісі:

- Бұл жерде реставраторларға өте үлкен талап қойылады. Реставрацияны жасау керек, бірақ кинотаспаның ерекшелігі сақталуы тиіс. Ол картина жазық болып қалмау керек. Ол өзінің киноның именно таспалық зерно деп айтамыз сол зернистый соның бәрі қалу керек.

Түпнұсқаны қалпына келтіру барысында таспадағы дақтар тазартылып, картинаның түсі де өңделді. Сол уақыттың бедерін көрсететін реңді сақтауға тырыстық, дейді мамандар. Сонымен қатар дыбысы да сапалы жасалды. Бір ғана «Қыз Жібек» фильмін реставрациялауға үш ай уақыт кеткен. 

Еркін Сәтенов, киноөндірістің техникалық қызмет жетекшісі:

- «Қыз Жібекте» хронология бойынша бір күнде түсірілетін сахналар бар. Мысалы, кешке дейін түсіреді, түн болады, киіз үйге кіреді. Киіз үйден шыққанда түсірілім жалғасады, бірақ хронология бойынша ол күндіз болуы тиіс, бірақ таңертеңгі уақытта түсірілген. Осындай  түстерді бір қалыпқа келтіруде қиындықтар болды.

2024 жыл қазақ анимациясы үшін де табысты жыл болды. Жаңа жылда 13 сериялы «Бақаш пен Тоқаш» мультфильмі кішкентай көрерменге жол тартады. Өте сапалы, заманауи технологиямен жасалған туынды қазақ анимациясының деңгейінің өскенін көрсетеді, - дейді мамандар. 

Ерлан Төлеутай, өнертанушы:

- Аниматорларға разымыз, өйткені олар осында қонып, үйіне бармай жұмыс істеді. Үкімет жақсы қолдап жатыр ғой, оны айту керек. Жылына 500 миллион бөліп отыр, біздің үкіметіміз, Мәдениет министрлігі осы қазақ анимациясын белгілі бір деңгейге көтеру үшін. Сол бізге кәдімгідей серпін беріп тұр. Әрине көптеген проблемалар бар, оны көрермендер біледі. Соған қарамастан сапалы өнім жасауға тырысып жатырмыз.

Алтын қордағы фильмдерді цифрландырып, қалпына келтіру жобасы 2022 жылы қолға алынған. Содан бері 14 фильм өңделді. Олардың қатарында «Ақсақ құлан», «Даналық пен байлық» анимациялық фильмдері де бар. Қордағы кинокартиналарды қалпына келтіру жұмыстары алдағы жылы да жалғасады.

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон