Жамбыл облысында 41 кәсіпкер жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланған

Жамбыл облысында 41 кәсіпкердің жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны анықталды.

Салдарынан өзен арналары бұзылып, жайылымдық жерлер зақымданған.

Бұл соңғы 4 айдағы тексерістің нәтижесі. Заң бұзу деректерінің басым көпшігі Шу, Жуалы, Жамбыл аудандарында болған.

Заң бұзушылықтың бір парасы Мойынқұм ауданындағы барит кенішінде анықталды. Компания өзіне бекітілген аумақтан шығып рұқсатсыз 12 гектерды қазып тастаған. Сонымен қоса Аса өзеніндегі су қорғау аймағының 17 жерінен заңсыз шағыл тас өндірілгені белгілі болды. Салдарынан су арнасы бұзылып, елдімекенге қауіп төндірген. Ал Қордайда жеке компаниялар саз топырақ аламыз деп 7 гектар жайылып жерді жарамсыз еткен. Тіпті Тараздағы экономикалық индустриялдық аймақтың жерін қазып, шағыл тас тасығандар да бар. 

Арсен Латыпов, облыстық экология департаментінің басшысы:

- 2022 жылға дейін жер қойнауын пайдаланушыларға деген бақылау экология органдарынан тыс қалды деуге болады. Сондықтан техникасы бар адамның бәрі, топырақ, құм, шағылтас сында құрылыс заттарын кез-келген жерден қазып алатын жағдайға жетті. Заң бұзушылықтың алдын алу үшін полиция, табиғи ресурстар басқармасы мен экология департаменті және прокуратура арасында жұмыс алгоритмі бекітілді.

Дегенмен, бұл бастаманың нәтижесі ойдағыдай болмаған секілді. Себебі құзырлы органдар соңғы 3 жыл бойы 60 қана заң бұзушылық анықтаған. Оларға небәрі 2,2 млн тг айыппұл салынды. Прокуратура өкілдері бұл олқылықтың орнын толтыру үшін былтыр жыл аяғында «Смарт майн» жобасын іске қосты. Арнайы әзірленген сайтқа 8 мемлекеттік орган қосылған. Олар кен өндірушілерге бармай-ақ онлайн спутниктік-құжаттамалық зерделеу жүргізе алады. Нәтижесі соқырға таяқ ұстатқандай, 4 айлық жұмыстың өзінде қырықтан аса құқық бұзушылық анықталды.  

Ердос Мақашев, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

- Жер қойнауын заңсыз пайдалану 41 фактісі анықталды. Ол жерде қабылданған шаралардың нәтижесінде 8 тұлғаға 9,5 млн тг штраф салынды. Ал қалғандары бойынша қазір уақытта мемлекеттік кірістер органдары тексеру жұмыстарын жүргізуде. Скл Бүгінгі күрде 11 компаниямен келісімшарттар бұзылды. Олардың жерлері мемлекетке қайтарылды. Олар келісімшарт шеңберінде өздерінің міндеттемелерін орындамаған.

Жоба кәсіпкерлерді тек тексеріп қана қоймай, олардың жұмысын жеңілдетеді, дейді прокурорлар. Аймақта тіркелген 200 ден аса кәсіпкер енді есебін бұрынғыдай қағаз түрінде емес, осы портал арқылы тапсырмақ.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә