Жыл сайын 10 мың пәтер жеңілдікпен жалға беріледі

Қазақстандықтар жалға берілген баспананы жекешелендіруге белсенді түрде өтініш беріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Астананың өзінде 500-ге жуық адам пәтерін өз атына түсірмек. Еске салайық, «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйлерді азаматтар өз атына аудара алады.

Елордадағы Тұрғын үй орталығында әдеттегідей адам көп. Бірі баспана кезегіне тұруға келсе, енді бірі жалға берілетін үйден дәмелі. Арасында өтініштері қабылданып, қуанышты хабарлама алғандар бар. Солардың бірі – көпбалалы ана Айман Оспанова. Енді ол мемелкеттік бағдарламамен жеңілдетілген бағаға жалға берілетін үйдің иесі. 

Айман Оспанова, Астана тұрғыны:

- Үй кезегінде мен 2018-ден тұрмын. 5 балалы анамын. Енді кезекті күте-күте шаршадым. Жалдамалы тұрғын үйге бердім. Енді «арендное жилье с правом выкупа» істелініп жатыр. Сондықтан бердім бағдарламаға. Енді, құдайға шүкір, өттім бағдарламадан.

«Тұрғын үй қоры» бөлім басшысының орынбасары Бекжан Сипаттың айтуынша, «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлер» бағдарламасы бойынша 2024 жылы 1803 баспана бөлінген. Жаңа заң нормаларына сай енді халықтаң әлеуметтік осал тобына кіретіндер және көпбалалы отбасылар осы жалға берілген үйді тікелей өз атына жекешелендіре алады. Бірақ оның өз шарттары бар.

Бекжан Сипат, Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ кеңес беру және құжат айналымы бөлімінің басшысы:

- Жекешелендіру бойынша өтініштер түскен болатын. Бұл мемлекеттік қызмет төңірегінде 30 күнтізбелік күн төңірегінде қарастырылады. Азаматтар жалпы жекешелендіру бойынша өтініштерді электронды түрде жіберіледі. Е-қазына порталы арқылы, сонымен қоса ЦОН қызметі арқылы қағаз түрінде тапсыруға мүмкіндіктері бар. Наурыз айынан тағы да өзгерістер енгізіледі. Қазіргі таңда жекешелендіру бойынша, бастапқы жарна 30% құрайды және ол ешбір пайыздық мөлшерлемесіз 10 жылға бөлініп береді азаматтарға. Қазіргі наурыз айындағы өзгерістер бойынша бастапқы жарна 10% болады және тікелей 15 жылға бөлінеді.

Бағдарламамен үй алғандардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Сондықтан мұндай шарттар да біреуге үлкен мүмкіндік болса, енді біреуге кедергі.

- 2011 жылдан бері кезекте тұрдым, сонша жыл күттім, 20 тамызда осы бағдарламамен үй алдым. Бүгін жекешелендіруге өтініш бергім келді. Енді мен тамыз айынан желтоқсанға дейін жалдау ақысын төлеуім керек. Бастысы, менің  мүгедек санаты бойынша тегін жекешелендіруге құқығым бар. Бұл өте жақсы мүмкіндік. Бұрын ондай болған жоқ.

Айта кету керек, қазіргі ережелерге сай 30% бастапқы жарна төлеу бәріне міндетті емес. Мемлекеттік бағдарламамен жалға берілген баспананы өз атына тегін аудара алатын санаттар бар. Орталық мамандары кімдерге осындай мүмкіндік берілгенін атап өтті:

Бекжан Сипат, Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ кеңес беру және құжат айналымы бөлімінің басшысы:

- Тегін түрде жекешелендіруге мүмкіндіктері бар азаматтардың. Ол 1, 2 топтағы мүгедектер, Семей ядролық полигонында тікелей зардап шеккен азаматтар, Арал маңындағы табиғи апаттан зардап шеккен азаматтар тегін жекешелендіруге мүмкіндіктері бар. Сонымен қоса Ұлы Отан соғысының қатысушылары. Егер Ұлы Отан соғысының қатысушысы қайтыс болған жағдайда, мекемемен жасалған келісімшарт ішінде тікелей отбасының құрамындағы бір азамат болған жағдайда, мысалы, балалары, өз атына тегін жекешелендіруге құқықтары бар сол азаматтардың.

Бүгінде Қазақстан бойынша 50 мың адам жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүгіне алады. Азаматтардың жалдау құны бойынша қарызы болмауы шарт. Ал жалдау туралы келісімшарт мерзімі аяқталуға жақын азаматтар оны созып, үйді жекешелендіруге өтінім бере алады. «Өтінімдер 30 күн қаралады», – дейді Тұрғын үй қорының мамандары.

Жанерке Сағымжан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің баспасөз хатшысы:

- 2023-2029 жылдардағы әлеуметтік жағынан осал топтардағы отбасыларға жалға берілетін пәтерлерді беру механизмі қарастырылған болатын. Осы ретте бірқатар жұмыс атқарылды. Қазіргі таңда осы тұжырымдамаға сәйкес 2025 жылға 70 703 тұрғын үйді сатып алу жоспарда бар.

Министрлік дерегіне сай республика бойынша 65 мыңнан астам адам сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлерге кезекте тұр. Соның ішінде Түркістан, Шымкент, Алматы қаласы және Жамбыл облысында сұраныс көп. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2025 жылы және одан кейін уақытта жыл сайын бұл бағытта 10 000 пәтерден беріледі.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жарқын Өрден, Мадияр Қындыбаев.