М. Әшімбаев Қытайдың дін көшбасшыларымен кездесті

Қытайдың дін көшбасшылары Қазақстанның конфессияаралық диалогты нығайтудағы бастамаларына қолдау білдірді.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қытай Халық Республикасына сапары аясында жергілікті саясаткерлермен және дін көшбасшыларымен кездесті. Басқосуда рухани дипломатияны дамыту мәселесі талқыланды. Мәулен Әшімбаев қос елдің ұстанымдары сәйкес екендігін айтып, әлемнің үйлесімді дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беретінін жеткізді. Сондықтан Қазақстан Қытайдың әділетті және көпполярлы әлем қалыптастыруға арналған жаһандық бастамаларын қолдайды. Сондай-ақ, сенат спикері Чжэцзян провинциясының губернаторы Ван Хаомен кездесті. Тараптар екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, мәдени-гуманитарлық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Оған қоса Парламент депутаттары ханчжоу қаласында бірқатар инновациялық IT-компаниялардың  қызметімен танысты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі жасампаз ынтымақтастық саясатын дәйекті түрде дәріптеп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тығыз өңірлік кооперацияны нығайтудың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Осы тұрғыда Орталық Азия - Қытай форматының әлеуеті мол. Бұл арқылы инфрақұрылымдық жобаларды дамытып, саудаға серпіліс бере аламыз. Оған қоса инновациялық технологиялар мен инвестиция тарта аламыз. Биыл Астанада Орталық Азия-Қытай саммитінің екінші отырысы өтеді. Жиында әр тарапқа тиімді, маңызды мәселелер талқыланады деп ойлаймын.