Қазақстандықтар 3,2 трлн теңгеге онлайн сауда жасаған
Қазақстандықтар онлайн сауда-саттыққа көбірек ақша жұмсай бастады. Былтыры 3,2 трлн теңгеге онлайн сауда жасаған. Бұл туралы Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап еліміздегі электрондық сауда көлемі бес есеге ұлғайған. Елде интернет сауданы дамытудың әлеуеті жоғарлай түскен. Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сауда және интеграция министрлігіне саладағы бірқатар мәселені жүйелеу қажеттігін тапсырды.
Электрондық сауда – әлемдік экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Бүгінде әлем халқының 30%-і интернет арқылы онлайн сауда жасайтын болған. Біздің ел де бұл саланың қыр-сырын әбден меңгерген. «Тіпті онлайн сауданы дамытуға әлеуетіміз жетеді», – деп отыр сала министрі. Мәселен, 2029 жылға қарай электрондық сауда көрсеткішін үш есеге ұлғайтып, оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл саланы ілгерілету үшін Үкімет онлайн коммерцияны дамыту жоспарын қабылдады.
Арман Шакқалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қабылданған жоспар шеңберінде электрондық сауда мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру, барлық өңірлерде электрондық сауда бойынша оқу курстарын жүргізу, сондай-ақ электрондық сауда кәсіпкерлеріне мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жалпы әлем бойынша Сауда құрылымы қарқынды түрде өзгеріп барады. Бұл салада да жаңа трендтер пайда болған. Жасанды интеллект технологияларын енгізу, әлеуметтік желілер арқылы сауданың өсуі, стримингтер арқылы сауда жасау қарқын алды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, республика бойынша кәсіпкерлер үшін электрондық сауда бойынша оқу орталықтары ашылды. Сондай-ақ электрондық сауда инфрақұрылымы да дами бастады. Мәселен, Teez жаңа қазақстандық маркетплейс іске қосылды. Жақын арада 10 мың жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ бұдан былай шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркелуге міндетті болады. Сауда және интеграция министрі шетелдік онлайн дүкендердың қызметін қайта қарау бастамасын көтерді.
Арман Шакқалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Шетелдердің заңнамалық базасына талдау жасадық. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, кешенді тәсілдер қолданылып жатыр. Бұл тәсілдер коммерциялық ортаның қауіпсіздігін және ашықтығын қамтамасыз ету үшін платформалар мен тауарларға қатысты кешенді талаптарды енгізуді көздейді. Авторлық құқықты бұзу, сапасыз және қауіпті тауарды сату сияқты мәселелер бойынша салық заңнамасында «қатаң» талаптар енгізіліп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын және жеке деректерді қорғау мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп отыр.
Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов Шетелдік алаңдар түгілі, отандық маркетплейстер де сапаға кепілдік бере алмайтынын алға тартты. Ол өнімнің түпнұсқалығы туралы ақпарат көбінесе көрсетілмейтіндігін айтты. Сондықтан осының барлығын шешу үшін Сауда және интеграция министрлігіне бірқатар тапсырма жүктеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Әділет және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, ақпан айының соңына дейін тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғау деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар әзірленуге тиіс. Бұл жұмысты өнімнің сапасына, зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға басымдық бере отырып жүргізу керек.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Қазақстандағы бүкіл сауда қызметін, оның ішінде базарлар мен үй маңындағы шағын дүкендердің қызметін цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар мен шаралар әзірлеу керектігін тапсырды.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев.