Қостанай облысының экономикалық өсімі 6%-дан асты
Былтыр Қостанай облысының экономикасы 2023 жылмен салыстырғанда 6%-дан астам өсімді көрсетті, деп хабарлайды 24kz.
Мемлекет басшысы белгілеген межеден асып түстік. Жыл қорытындысына арналған есеп беру баяндамасында облыс әкімі Құмар Ақсақалов осылай деді. Экономиканың барлық саласында ілгерілеушілік бар. Әлеуметтік жағынан да атқарылған жұмыс ауқымды.
Облыс әкімі: «Маңызды экономикалық көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсім бар», - деді. Металлургия, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп саласында 7 инвестициялық жоба жүзеге асып, 1,5 мың жұмыс орны ашылған. Әлеуметтік салада да атқарылған жұмыс аз емес.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Өткен жылы облыста 47 әлеуметтік нысан салынды. Жол және коммуналдық инфрақұрылым саласында үлкен жұмыс жүргізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 50 ауыл сапалы ауызсумен қамтылды.
Былтыр сапалы ауызсу жеткен елді мекендердің бірі Садовый ауылы болды. Сонымен қатар осында медициналық нысан халық игілігіне берілді.
Ғалия Күтімбекова, Садовый ауылының тұрғыны:
- Мынаның бәрі жаңадан салынған үй. Ана жақтан да салып жатыр. Көшіп келіп жатқандар көп. Ешкім бұл жақтан кетпейді. Қаламен бірдей ғой. Суымыз бар, газымыз бар. Медпунктіміз бар.
Алдағы жоспар да ауқымды. Биыл өңірде 8 индустриялық жоба жүзеге асырылады. Ел үшін көлік логистикалық маңызы зор Арқалықтан Ұлытау шекарасына дейінгі жолдың құрылысы биыл аяқталады. «Арқалықтағы әуежай мәселесі де өз шешімін табады», - деді облыс әкімі.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Арқалық қаласындағы әуежайдың жобалық-сметалық құжаттамасын қазір дайындап жатырмыз. Бекітілген жоспарымызға сай жүргізетін болсақ, күзге таман Арқалықтың әуежайын да жұмысқа қосамыз.
Облыстың биылғы бюджеті 606 млрд теңге деп белгіленді. Дегенмен өңір басшысы қаржы түсімі одан көп болады дегенді алға тартты.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг