Атырау облысында ауыл шаруашылығы маманы жетіспейді

Атырау облысында ауыл шаруашылығы мамандары тапшы.

Салдарынан тауарлы сүт фермалары мен ет бағытындағы асыл тұқымды шаруашылықтар өнімдерін өңдей алмай отыр. Өңірдегі мал өнімін өңдеумен шұғылданатын 6 кәсіпорынға 30-ға тарта кәсіби маман керек. Ал облыстағы орта буынды маман дайындайтын агроколледж түлектерінің шаруашылыққа баратын ниеті жоқ. Осыған орай жергілікті билік еліміздің өзге өңірлерінен агроном, технолог, зоотехник, мал дәрігерлерін шақыруға мәжбүр.

Махамбет ауданындағы тауарлы сүт фермасы бір кезде сиыр сүтінен 12 түрлі өнім шығарған. Қазір тек сүт пен қаймақ қана өндіреді. Себеб өнім өңдейтін технолог-маман жоқ. Ферма бүгінде өз мүмкіндігінің тек 40 пайызын ғана пайдаланып отыр. 

Гүлсім Қалесова, шаруашылық басшысы:

- Қазіргі уақытта ветеринарлар жетпейді. Сонымен қатар сүт өніміне зауыттан шығаратын түрлі өнім шығаратын технолог-мамандар жетіспейді. Себебі сүт зауытының технологтары өте тапшы Қазақстан бойынша. Оған қоса агрономдар да жетіспейді.

Фермада 700-ге тарта мүйізді ірі қара бар. Оның 400-дейі сауын сиыр. Бірақ өнім тек шикізат күйінде тұтынушыға кетіп жатқандықтан табыс жоқ. Ал мамандардың тұрақтамауына жұмыстың ауырлығы мен еңбек ақының аздығы себеп секілді.

Гүлсім Қалесова, шаруашылық басшысы:

- Колледж, университет бітіріп келгендер келіп жұмыстарын жасап, әрі кеткенде 5-6 ай жасайды да кетіп қалады. Жаңа бітірген маманға 200 мың теңге ұсынамыз. 200 мыңды олар аз көреді.  Біз ауылшаруашылығы өзіміз дотацияда отырғаннан кейін рентабельності қатты көп болмағандықтан  200 мыңнан жоғары жаңа бітірген мамандарға беру қиындау.

Мұндағы 9 мал маманының жастары 60-тан асқан. Ал осыдан 6 жыл бұрын келген жас ветеринар шаруашылық жанынан баспана алыпты. Оның коммуналдық шығынын ферма төлейді. Шаруашылық басшылығы келген мамандарға жағдай жасауға дайынбыз дейді. Қазір мұнда 2 мал дәрігері мен 2 технологтың орны бос тұр. 

Жасұлан Сұлтанғалиев, облыстық АШБ бас маманы:

- Осыған байланысты біздің облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс орындарын дамыту үшін жас мамандарды, сала мамандарын жұмыс жасауға шақырамыз. Жас мамандарға үй сатып алуға, бір реттік ақша түрінде қаражат қарастырылған.

Атырау облысында 2 мың 300ден астам мал шаруашылығымен айналысатын құрылым бар. Оның 113-де ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды мал бағылады. Бірақ өнімдері мардымсыз. Күні бүгін мал өнімдерін өңдейтін 6 өндіріс орнына 30-ға тарта мал маманы керек. 

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин