Кәсіпкерлер әлеуметтік мекемелерге азық-түлікті қымбатқа сатқан
Елдегі бірқатар әлеуметтік мекеме азық-түлікке 500% үстемақы қосып сатып алған. Кәсіпкерлер 1100-ден астам мектеп, балабақша, аурухана мен балалар үйіне азық-түлікті қымбатқа сатқан. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Былтыр агенттіктің тексеруімен ас-ауқаттың бағасын негізсіз көтерген 817 жағдайды анықтаған. Ал 685 мекеменің мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын қайта қарап, нәтижесінде 370 млн теңгеден астам қаржы үнемделді. Агенттік мемлекеттік мекемелердің «алыпсатарлық» схемаларды анықтайтын арнайы жобаны жүзеге асырды. Сатып алудағы заңбұзушылық тек IT құралдарын пайдалану арқылы анықталады. Нәтижесінде заңсыздыққа бой алдырған делдалдар шеттетіліп, 11 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.