Қазақстанда 7 мың шақырым жылу желісін ауыстыру қажет
Елде 13 мың шақырым жылу желісі бар. Олардың 53%-тен астамы тозған. Яғни 7 мың шақырым желіні ауыстыру қажет. Жылу желілері әсіресе Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында өте қатты тозған. Үкімет тозу деңгейін 6 жылда 40%-ке дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыс қалай жүзеге асады?
Иә, Үкіметтің алға қойған мақсаты айқын, жоспар бар. Бүгінде энергетикалық коммуналдық секторды жаңғырту ұлттық жобасы бекітілді.
Коммуналдық желілерді жаңғыртуға ₸6,8 трлн қажет
Елдегі коммуналдық желілерді жаңғыртуға 7 трлн теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ. Бұл жұмыстар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» жобасы аясында жүзеге асады. Бас-аяғы 86 мың шақырым желі жаңғыртылады. Бірінші кезекте инфрақұрылымның тозу деңгейі 65%-тен асатын өңірлерге назар аударылады. Соның нәтижесінде 2029 жылға қарай тозу деңгейін бірнеше пайызға кеміту көзделіп отыр. Яғни жылу желісінің тозу деңгейі 40%-ке, электр желісі 45%-ке дейін азаяды. Сондай-ақ су желілерінің тозуы 34 және 40%-ке дейін төмендейді.
Ұлттық жобаны жүзеге асыруда отандық өнім қолданылады. Импортқа тәуелділікті азайту мақсатында жаңа кәсіпорындар ашылады. Оның ішінде металлургия, өңдеу өнеркәсібі салалары бар. Барлығы 27 өндіріс ошағы салынады.
«Өмірлік маңызды секторлар – жылудың, энергияның және сумен жабдықтаудың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті саналады. Ұлттық жобаны орындау тозған, кейбір жерлерде апатты жағдайдағы инфрақұрылымды ауқымды жаңартуға мүмкіндік береді. Барлық жобалар 3,5 мың жұмыс орнын ашуды көздейді. Бізге отандық бизнесті барынша тартып, отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу қажет» — Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі.
Астанада жылу қуаты жеткілікті
Халық саны күн санап өсіп жатқан мегаполистерде жылу, су мәселесі аса өзекті. Астанада екі жыл бұрын үшінші су сору станциясы қолданысқа берілді. Қазір бұл станция тәулігіне 100 мың текше метр су айдап отыр. Сондай-ақ Астана су қоймасынан екінші су құбыры тартылды. Биыл да жұмыстар жалғасады. Нақты айтқанда Нұра жерасты су орнынан құбыр салынбақ және Телман станциясының қуатын арттыру бойынша жұмыс басталады. Ал келешекте Сәтбаев каналынан жаңа су құбырын тарту жоспарланып отыр. Аталған жобалар 2035 жылға дейін қаланы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етеді. Тағы бір айтып өтері, Астанада жылу қуатын арттыру бойынша жұмыс жалғаса бермек.
«Соңғы екі жылда Астана жылыту маусымын алғаш рет жылу профицитімен өткізіп жатыр. 2023 жылы «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» жаңа газ жылу станциялары іске қосылғандықтан, 3-ші жылу-электр орталығының жылу қуаты 30%-ке ұлғайды. Бұл қаланың қажеттілігін толық қамтамасыз етті. Мысалы, қазіргі уақытта ауаның орташа температурасы -10-15 градус болған кезде жылу генерациясының профициті сағатына 1200 Гкал құрайды. Бұдан басқа «Телман» газ жылу станциясының құрылысы жүріп жатыр. Биыл «Оңтүстік-Батыс» газ-жылу станциясының құрылысын бастаймыз. Бұл қаланы 2035 жылға дейін жеткілікті жылумен қамтамасыз етеді» — Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі.
Алматыдағы жылу желісінің тозуы 57%-дан жоғары
Былтыр Алматы қаласында 20 шақырым жылу желісі, 220 шақырым электр желісі жаңарды. Қала әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, биыл да ауқымды жұмыс атқарылады. Атап айтқанда, 40 шақырым жылу желісі, 240 шақырым электр желісі ауыстырылады. Соның арқасында жылу желісіндегі тозу деңгейі 4%-ке жуық төмендеп, 54% болады. Ал электр желілерінің тозуы 1,7%-ке кемиді. Яғни 63%-тің шамасында тұрақтайды. Сондай-ақ қалада су жүйесін жаңғырту мақсатында 347 шақырым құбыр ауыстырылмақ. Ал былтыр 220 шақырым құбыр жаңадан тартылған еді.