Үкімет алты айға дейін шетелге картоп сатуға шектеу қойды
Үкімет 6 айға дейін үшінші елдерге картоп сатуға шектеу қойды.
Себебі соңғы кезде өнім экспорты 1,5 есе өсіп, 605 мың тоннаға жетті. Бұған көрші елдерден сұраныстың артуы және экспорттық бағаның күрт жоғарылауы әсер еткен. Үкімет басшысы нарықтағы ахуалға тұрақты бақылау жасауды тапсырды. Ведомствоаралық комиссия отырысында уақытша шектеу шешімі қабылданды. Алайда мұндай шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды. Сондай-ақ экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды. Осылайша елде картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, алыпсатарлық әрекеттерге тосқауыл қойылады. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі қордың ішкі нарық үшін жеткілікті екенін мәлімдеді. Былтыр 2,9 млн тонна картоп жиналды. Импорт 56 мың тоннаны құрады. Қазір сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағанда 850 мың тонна өнім бар.