Қалалықтардың дені мегаполистерде тұрады

2050 жылға қарай  қала тұрғындарының дені  мегаполистерде тұрады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бұл. Қазірдің өзінде ауылдан қалаға көшіп жатқандар қарасы қалың. Әсіресе жастар. Ал оларды жұмыспен қамту мүмкін бе?

Елде 12 млн адам қалаларда тұрады. Экономгеограф-ғалым Шеріпжан Надыровтың айтуынша ірі шаһарларға кәсіби, зияткер және материалдық ресурстар ағылып жатыр. Мұның кері салдары да бар. Ғалым «елде шағын және орта қалалардың дамуына көңіл бөлу керек», - дейді. Адами және материалдық ресурсты дұрыс пайдалану үшін ауылдың да назардан тыс қалмағаны жөн. Шеріпжан Надыров қалалар иерархиясын түзуді ұсынады. Ол өзі қызмет ететін оқу ордасында ауыл, облыс әкімдері мен олардың орынбасарларына біліктілікті арттыру курсын ұйымдастыруға болатынын жеткізді. Мемлекеттік жоспарлауда оның ішінде экономикада ғылымға сүйену аса маңызды. Еуропалық одақ пен АҚШ-та бұл тәжірибе бар. Ресми дерекке сүйенсек алдағы 25 жылда елдегі қала тұрғындарының жартысынан көбі Астана, Алматы, Шымкент қалаларына көшеді. Шеріпжан Надыров жаппай урбанизацияның жұмыссыздық деңгейін арттыратынын айтады. Ал жұмыс күшінен айырылған аймақтар экономикалық тоқырауға ұшырауы мүмкін.

Шеріпжан Надыров, экономгеограф ғалым:

- Бізге демографиялық жағдайды одан әрі жақсарту қажет. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін елде 40-50 миллион адам тұруы керек. Сондықтан үш қалада халықтың шамадан тыс шоғырлануы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, геосаяси және геоэкономикалық мүдделерімен сәйкес келмейтінін тағы да атап өткім келеді.

Шетелдік жұмыс күшіне сұраныс артты

Былтыр елде квота бойынша 13,7 мың еңбек мигранты жұмыс істеді. Ал 300 мың адам үй шаруашылықтарына жұмысшы ретінде тартылған. Қазірдің өзінде кей салада шетелдік жұмыс күшінің үлесі зор. Мәселен құрылыста – 5390 адам жүр, өңдеу өнеркәсібінде 1455 шетелдік еңбек етеді, тау-кен саласында 1335, әкімшілік және қызмет көрсету салаларында 1305 шетелдік маман бар. Ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығында 1237 адам еңбек етеді. Дегенмен дәл осы бағытта маман тапшылығы өте өзекті. Жастар ауылда еңбек етуге ынтықпайды. Шаруалар жұмыс күшін шетелден тарту біраз мәселені шешкенін айтады. Алайда квота саны қысқарып қалған. Ал жұмысшыларды шақырту оңай шаруа емес әрі уақытты талап етеді. Сол себепті жұмыс күшін заңсыз тартатындар көп. Осы мәселені біржақты ету үшін миграциялық салық енгізу ұсынылды.

Шетелдік жұмысшылар:

Құрылыста – 5390 адам

Өңдеу өнеркәсібінде – 1455 адам

Тау-кен саласында – 1335 адам

Әкімшілік және қызмет көрсету салаларында –1305 адам

 Елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9%

Елдегі 10 жастың біреуі жұмыссыз жүр. Былтыр жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға жуықтаған. Кейінгі бес жылда екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны шамамен 460 мың адам. Десе де жұмыспен қамтылғандардың үлесі айтарлықтай. Қазір елде 9 млн адам түрлі салада еңбек етіп жатыр. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жемісін берді. Нәтижесінде Алматы, Шымкент қалаларында, сонымен қатар Ақмола, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, СҚО, Түркістан және Ұлытау облыстарында жұмыссыздық деңгейі бәсеңдеген. Қазір бұл бағыттағы ең төменгі көрсеткіш Қарағанды және Ұлытау облыстарында тіркелген. Жұмыссыздық Маңғыстау мен Атырау облыстарында белең алып тұр.