Жетісу облысында ісмерлер қой жүнін кәдеге жаратып жатыр
Жетісу облысында ісмерлер шағын шеберхана ашып, қой жүнін кәдеге жаратып жатыр.
Көктал ауылының тұрғындары бірігіп қажетті техника сатып алған. Қазір жергілікті шеберлер қыз жасауын жасап, құрақ көрпенің түр-түрін тігеді.
Әйгерім Жақыбаеваның қой жүнінен көрпе жасай бастағанына төрт жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде ауыл-аймаққа танылған ісмер әрбір төсеніштің терең мағыналы оюмен өрнектелуіне ерекше мән береді.
Әйгерім Жақыбаева, ісмер:
- Күнді қолданамыз аспаны әрдайым ашық болсын деп, құдық суы мол болсын деп, төрт құбыласы тең болсын деп, осындай төрт түрлі құрақ қолданылады. Шаңырақ қолданамыз ұл бала шаңырақтың иесі болсын деп.
Бастапқыда тігіншілікпен Әйгерім Жақыбаеваның өзі ғана айналысқан. Сұраныс артқан соң көршілерін жұмысқа қабылдап, тігін мәшинесінің бірнешеуін сатып алды. Тағы бір құрылғыға Гүлнұр Әбілқасенова қол жеткізді. Ісмерлер осылайша бірінің ісін бірі толықтырып, ортақ кәсібін өркендетіп жатыр.
Гүлнұр Әбілқасенова, ісмер:
- Ол кісі құрақ көрпелерді құрайды, қыз жасауының мен махаббат көрпесін, құдағи көрпесін күнделікті қолдануға арналған көрпелерді жасаймын. Бір жылда 700-800 көрпе тіктік.
Қолөнер шеберлері «Көшпенділер ойыны» аясында өткен «Аламан құрақ» жобасына қатысты. Еліміздің әр аймағынан жиналған ісмерлермен тәжірбие алмасқан соң олар өз кәсібіне жаңашылдық енгізді.
Зарина Тұрдиева, ісмер:
- Осы жұмысымызға кестелеуді қостық. Бір ай оқыдық. Қалай кестелеуді жасайтынын. Қазір үйреніп, балабақшаға, футболкаға жасаймыз, кәжекейге, шапанға, құрақ көрпеге, қыз жасауға қосамыз.
Ынтымақтаса іс бастаған ісмерлер «елу қызды ұзатып жасауын жасап бердік»,- дейді. Шеберлер ұлттық өнер арқылы табыс тауып қана қоймай, салт-дәстүріміздің сақталуына да үлес қосып келеді.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын