1 ақпаннан бастап ТТҚ АЖ-де таңбалау кодының иесін тексеру функциясы қосылады
2030 жылға қарай контрафактілік тауарлардың әлемдік саудасы 1,79 трлн долларға жетуі мүмкін. Бұл – Әділет министрлігінің мәліметі.
Ал былтыр біздің елде 24 млн теңгеден асатын контрафакт тіркеліпті. Енді бұдан құтылудың жолы – тауарды цифрлық таңбалауға көшеміз.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- 1 ақпаннан бастап тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесіне таңбалау кодының иесін тексеру функциясы енгізіледі. Шара аясында дәрілік заттар айналымының ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру көзделеді. Осы уақытқа дейін таңбалау кодының иесін тексеру мүмкін болмады, салдарынан жалған кодтарды пайдалану қаупі бар еді. Енді нарық субъектілері мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жақсартып, тұтынушылардың құқығын қорғауға жол ашылып жатыр. Бірыңғай оператордың дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жобасының жетекшісі Анар Кәрібаеваның айтуынша, қазір жүйеде үш мыңнан аса дәріхана, 276 қойма, МӘМС жеткізушілері саналатын 1780 медициналық ұйым мен 768 мемлекеттік медициналық ұйым тіркелген. Еске салайық, 2024 жылдың 1 шілдесінде дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау және қадағалау енгізілді. Содан бері дәрілік заттардың 163 млн қаптамасына арнайы код қойылған. Оның 96,4 млн-ы импорттық препарат, қалғаны отандық өндіріс.
Алмагүл Кенжеханова, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының м.а.:
- Әрине, әр жүйе енгізілгенде бір өтпелі кезең болады. Бүгінгі таңда 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап өндірілген дәрілік заттар таңбалауға жатады. Ал оған дейінгі дәрілер нарықтан кетуі үшін біраз уақыт керек оған. Сол себепті 2025 жылдың соңына дейін біздің барлық дәрілік заттар жаңағы жүйенің ішінде болады. Таңбалау мен қадағалау жүйесі.
Тауарды таңбалаудың маңызы зор
Тауарларды цифрлық таңбалау – нарықтың ашықтығына сеп. Ал контрафактілік өнімдердің көбеюі қарапайым сатып алушының ғана емес, тұтас мемлекеттің экономикасына зарарын тигізеді. Салық түсімдерінің азаюына әкеп соғады. Жалпы цифрлық таңбалау үрдісі біздің елге бес жылдан бері еніп жатыр. Алайда дамыған мемлекеттерде қалыпты үрдіс. Ал цифрлық таңбалаудың негізі – DataMatrix коды. Оны көшіру мүмкін емес. Сол арқылы өнімнің қайдан шыққанын, сапасын айқындауға болады. Биыл елде сыра қайнату өнімдерін таңбалау қолға алынады, алдағы уақытта қант қосылған сусындар мен бөтелкедегі суды таңбалау бойынша пилоттық жоба басталады. Қазір елімізде дәрілік заттар, темекі өнімдері және аяқ киімді таңбалау міндетті. Оның нәтижесін Naqty Onim қосымшасынан байқап отыруға болады.
Елде 130 млн жұп аяқ киім киім таңбаланды
Аяқ киім демекші, бүгінге дейін таңбалау жүйесінде 4418 қатысушы тіркелген. Оның 1700-ден астамы импорттаушы, 88-і өндіруші. Толайым саудада 118 кәсіпкер бар. Бөлшек аяқ киім саудасымен екі жарым мыңға жуық сатушы айналысады. Міндетті таңбалау енгізілгелі 130 млн жұп аяқ киімге арнайы код қойылды. Оның 90%-і үшінші елдерден келген, 8%-і ЕАЭО аумағынан. Жыл басынан бері таңбаланған аяқ киім саны екі млн жұпқа теңесті. Аяқ киім таңбалау жобасының жетекшісі Ерлан Қарабаевтың айтуынша, цифрлық таңбалау халықаралық нарықтардағы қазақстандық тауарлардың позициясын нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ экспортты дамыту және Қазақстанның сенімді сауда серіктесі ретіндегі имиджін нығайту үшін маңызды қадам саналады.
Жеке брендін таңбалауға ден қойғандар көп
Кәсіпкерлер жеке брендін қалыптастыруға талпынып жатыр. Кейінгі жылдары сұраныс артқан. Бұл бағытта қызмет көрсететін Қуанышбек Аралбай: «Өнімге бірегей атау берудің маңызы зор», - дейді. Тауар таңбасы оның ерекшелігін айқындауы тиіс. Атауды заңдастырудың әлемдік және отандық талабы бар. Өтініш 7 ай бойы қаралады. Ал атауы өзгемен ұқсас болса, мақұлданбайды. Төлеген жарнаңыз да өтелмейді. Сарапшы соңғы кезде ұлттық құндылық, ұлттық менталитетке бейімделген атау ұсынатындар көбейгенін жеткізді. Бұл да оң шешім. «Дегенмен, жеке брендті қалыптастыру заңмен реттелуі керек», - дейді мамандар.
Қуанышбек Аралбай, кәсіпкер:
- Ең бірінші заң өзгеру керек. Жеті ай деген көп уақыт сияқты. Жеделдету үшін ҚҚС төлейсіз, әрі қарай үш ай көлемінде шығаруға мүмкіндік бар. Сол уақытты азайтса, екінші өтініш болмағанда мемлекет төлейді ғой қаражатты, сол қаражаттың қайтпай қалуы, болмағанда 60%-і қайтарылса, кәсіпкердің тауар таңбасы бос болмай қалса, өйткені 100% қорғаймыз деген мүмкіндік жоқ олай айтуға.