Атырау облысында ас тұзы өндіріле бастады
Индер ауданында кәсіпорын бұрын техникалық тұз шығаратын. Қазір онда жылына 400 мың тонна техникалық және 150 мың тонна ас тұзы өндіріледі, деп хабарлайды 24kz.
Инвесторларды табиғи тұздан бөлек гипс, борат, құрылысқа қажетті қиыршық тастардың мол қоры қызықтырып отыр. Енді логистика мәселесі шешімін тапса, кенді аймақтың мол байлығы ел игіліне беріледі.
Ас тұзын қалыптаушы Төремұрат Құсайыновтың жұмысы дайын өнімді пластик пакеттерге салып, мөлшерін бақылау. Бір келілік қалталарға толтырылған ас тұзы осы арада жинақталып, тұтынушыға жіберіледі. Жүйе толық автоматтандырылған. Өндірісте кідіріс жоқ. Былтыр кәсіпорын 98 мың тонна өнім шығарды.
Төремұрат Құсайынов, қалыптау цехының операторы:
- Жарты жылдай болды осы Индер ауданындағы ас тұзын өндіретін зауытта жұмыс істеп жатқаныма. Жалпы жұмысымыз жақсы. Күніне 35 тоннадай ас тұзын қаптамамен беріп жатырыз. Жалақысы барлығы уақытында, әр айдың 10-ына дейін береді. Жақсы жұмыс көресеткенімізге премия тағайындалған.
Мұндағы шикізат есебінде пайдаланылатын табиғи тұздың сапасы жоғары. Оның 98,2%-і натрий хлоридінен тұрады. Табиғи тұзды жергілікі тұғындар ежелден асқа пайдаланып келген. «Десе де, өнім зертханалық сараптамадан өткізіледі», - дейді мамандар.
Зейнеп Темірғалиева, зертхана қызметкері:
- Ас тұзының құрамында негізінен йод болуы керек. Йоды бар, сосын да ол жарамды, асқа ірі тұз да жарамды, ұсағы да жарамды. Осы тұзбен өмір бойы осында өскесін, осында көріп келе жатқанымыз, бұл тұзбен бала шомылдырып келе жатырмыз, ет те тұздап жатырмыз. Біздің тұздың сапасы өте жоғары.
Жалпы Дендер тауында жүздеген пайдалы қазба қоры бар. Шикізатқа қызығушылық танытқан инвесторлар жоқ емес. Қазір Индерде 3 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Тағы үшеуін жүзеге асыруға ұсыныстар түсті.
Айгүл Үмбетқалиева, Индер аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы:
- Ауданда жалпы құны 83 млрд 850 млн теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жобаны іске асыру бойынша инвесторлар тарапынан ұсыныстар түсіп отыр. Іске асқан жағдайда алдағы уақытта қосымша 230 жаңа жұмыс орны қосылады деп жоспарланып отыр.
Кенді Индердің табиғи байлығын игеру үшін логистика мәселесі кезек күттірмейтін іс. Қазір экспортқа шығарылатын тауарлар теміржолға тәуелді. Ұзындығы 160 шақырымнан асатын «Индер – Мақат» шойын жолы 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Осыған орай 2029 жылға қарай өңірдің көлік-логистикалық даму бағдарламасы негізінде жаңа жоба қолға алынады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин