Тендер бағасын бақылайтын бағдарлама жасалды
Тендер кезінде бағаны аспандатуға жол бермейтін бағдарлама іске қосылды, деп хабарлайды 24kz.
Жоба авторларының айтуынша, тың технология келер жылы толық күшіне енеді. Әзірге тек тауар құнын қадағалауға мүмкіндік бар. Болашақта мемлекеттік сатып алу саласындағы барлық алыс-берісті бақылайтын болады. Инновациялық жобаның тиімділігі неде?
Серік Селеубайұлы, тілші:
- Мен бүгін түскі асыма мың 800 теңге жұмсадым. Оның ішіне ыстық тамақ, салат, сусын мен жеміс кіреді. Ал, бұл порцияны бес есе қымбатқа сатып алып отырған асханалар бар екен. Қаржылық мониторинг агенттігі бірнеше өңірде осындай жолмен бюджет қаражатын жымқырған мекемелерді анықтаған.
Бұл тізімде мектеп, балабақша, аурухана, балалар үйі бар. Жалпы 1100-ден астам мемлекеттік мекеме азық-түлікті жоғары бағамен сатып алған. Нәтижесінде 685 ұйымның мемлекеттік сатып алу келісімшарттары қайта қаралып, 370 млн теңгеден астам қазына қаржысы үнемделді.
Бекжігіт Серікбай, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Ақтөбе облысының 80 балабақшасында ҚМА Департаменті қабылдаған шаралары нәтижесінде қарақұмықтың, картоптың, сәбіздің, қанттың, жұмыртқаның және тұздың бағасы төмендетілді. Мәселен, бір кәсіпкер балабақшаға қарақұмықтың бағасын 500%-тен астам көтеріп жеткізіп берген. Қостанайда 117 әлеуметтік мекеме қарақұмықты, қантты, пиязды, картопты және жұмыртқаны 180%-ке дейін үстемақы қосып сатып алғаны анықталды.
Осыған ұқсас жайттар Астана мен Қарағанды облысында да тіркелді. Бұл өңірлерде 175 балабақшаға тексеріс жүргізіліп, 100 млн теңгеден астам қаржы үнемделді. Мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы Ербол Сардарбеков: «Кәсіпкерлер өз пайдасы үшін бағаны әдейі көтеруді әдетке айналдырған», - дейді.
Ербол Сардарбеков, сарапшы:
- Бұл мәселе қазір толыққанды шешілмеген негізі. Бұл бағаны асыра көтеру болып келеді. Мысалы бізде бос, нарықтық экономика болғандықтан бізде бағаны қадағалау мүмкін емес. Мысалы әр кәсіпкер әртүрлі баға ұсынады. Сондықтан мемлекет те әртүрлі бағаға сатып алады. Мысалға алатын болсақ, пандемия кезінде маскалар. 100 теңге тұрған маска 1000 теңгеге өсіп кетті.
Мемлекеттік органдар тендер кезіндегі осындай олқылықтарды жою үшін түрлді әдіс-тәсілдерді қолға алды. Тіпті заңға да өзгерістер енгізіп, делдалдарды азайтуға бар күш-жігерін салды. Дегенмен мардымды нәтиже шықпады. Енді IT шешімдерге ден қойған.
Денис Свирский, «Электрондық қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бұл мәселені маркет анализ арқылы шешуге тырысып жатырмыз. Аталған бағдарлама нарықтағы орташа бағаны көрсетіп отырады. Яғни, тапсырыс беруші сатып алғалы отырған тауардың нарықтағы бағасын алдын ала біліп, бағамдайды. Әзірге тауар бағасын осылай реттеп алдық. Енді жүйенің жұмысын одан әрі жетілдіріп, 2026 жылға дейін бағдарламаның көмегімен қызметтер мен жұмыстардың да орташа бағасын білуге мүмкіндік бар.
Қазір осыған ұқсас бағдарламаларды өзге де қаржы ұйымдары кеңінен енгізіп келеді. Ондағы мақсат – бағаны негізсіз құбылтуға жол бермеу.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ержан Қанапияұлы, Берік Шарав