Елімізде дәнекерлеуші мамандығына бет бұрған жастар көбейіп келеді
Елде жұмысшы мамандықтарға сұраныс артып келеді.
Әсіресе дәнекерлеуші кәсібіне бет бұрған жастардың қарасы қалың. Бүгінде елдегі кәсіптік колледждерде 13 мыңға жуық жас осы мамандықты меңгеріп жатыр.
Әлішер Әли, тілші:
- Әр маманның өзіне тиесілі құралы болады. Тілшінің тіршіліктегі құралы бұл микрофон. Біз бүгін қолымыздағы микрофонды, уақытша дәнекерлеушінің құралына ауыстырамыз.
Иә, өздеріңіз көріп тұрғандай екі қосындыны дәнекерлеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін өткір көз бен қуатты қол, сондай-ақ жүйкенің мықтылығы керек.
Кенже Камбилов, дәнекерлеуші:
- Менің осы салада жүргеніме 10 жылдай боп қалды. Қазір бәрін меңгеріп алдық. Келген кезде онша біле бермейтін едім. Алланың қалауымен осы жердегі жігіттермен солардан үйреніп ары қарай істеп кеттім. Бірінші кезде киімге арналған ілгіштер жасайтын едік. Қазір кафенің үстелдері, барға арналған столдар жасап жатырмыз.
Бүгінде Кенжедей болғысы келетін жастардың қатары көбейіп келеді. Елде дәнекерлеуші мамандығы бойынша тәлім беретін 229 колледж бар. Орта білім беретін оқу ордаларында 13 мыңға жуық дәнекерлеуші оқиды. Біз осыған дейін сол жастармен кездескен болатынбыз.
- Елордадағы кәсіптік колледжінде 800-ден аса студент білім алады. Оқу ордасы 10 мамандық бойынша оқытады. Онның бірі дәнекерлеуші мамандығы. 2024 жылы атталған мамандыққа 25 студент қабылданған.
Иван Гайнутдинов, студент:
- Қазіргі таңда біз сваркамен жұмыс болып жатыр. Мен ең жақсы көретін сварка мен полуавтомат. Онымен оңай жұмыс істеуге болады. Көз ауырмайды. Бізде сварканың көп түрі бар. Оқу бітіргеннен кейін мен универге барамын. Ары қарай сваркамен жұмыс істеймін.
Жұмысшыға сұраныс жоғары. Былтыр елде 4500 ден аса дәнекерлеуші диплом алған. Бүгінгі таңда олардың 80 пайызға жуығы жұмыспен қамтылған.
Санжар Тәтібеков, "Talap" КЕАҚ Президенті:
- Енді бізде дәнекерлеу мамандығы бұл осы экономикамыздың әрбір саласына қажетті кәсіби мамандық. Сондықтан да колледждерімзде осы дәнекерлеушіні дайындауда үлкен көңіл бөлінеді. Өңір өңірдің бәрінде 20 өңірде, 229 жуық дәнекерлеушілерді дайындайтын болсақ, нақты айтқанда әрбір өңірде сұраныс бар.
Жастарға не айтасыз? Енді өсіп келе жатқан жастар дәнекерлеу саласын неден бастау керек?
Кенже Камбилов, дәнекерлеуші:
- Дәнекерлеу саласына келген кезде, ең алғаш техникалық қауіпсіздіктен бастау керек. Каскасы, үстіне спецовка сваркаға арналған. Ең бастысы ынта, ниет болса, Құдай қаласа бәрі жақсы болады. Үлкен айлықты ана жақтан, мына жақтан іздегенше, осы жерден де табуға болады. Егер жақсы істей алсаң, ол жақтың айлығы осы жерде де бар.
Тұрмыста қолданатын заттардың басым бөлігі дәнекерлеушінің қолынан шыққан. Бүгін де біз бастаған ісімізді аяқтап, дәнекерлеу саласына өзіндік үлесімізді қостық. Иә, дәнекерлеушінің жұмысы қиын. Алайда ол елде бағаланып жатыр.
Әлішер Әли