Freedom Bank кәсіпкерлерге арналған онлайн несие бағдарламасын іске қосты

Freedom Bank «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша шағын және орта бизнеске арналған цифрлық кредитті іске қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді қазақстандық кәсіпкерлер несиені толығымен онлайн ресімдей алады. Сыйақы мөлшерлемесі 7%-тен басталады.

Бизнесті қаржыландыруға бағытталған несиелер әдетте 7-14 күнде рәсімделеді. Ал Freedom Bank ұсынған жаңа несиелік өнім арқылы кәсіпкерлер 24 сағатта қаржыға қол жеткізе алады. Клиенттің деректері, оның несиелік тарихы мен сенімділігі, жеке кәсіпкерлікті тіркеуі мен мерзімі автоматты режимде тексеріледі.

Айдос Жұмағұлов, Freedom Bank директорлар кеңесінің төрағасының кеңесшісі:

- Ол үшін ешқандай құжат жинаудың қажеті жоқ. Онлайн түрде сайтқа кіріп, тек қана өтініш берген кезде жеке сәйкестендіру номерін толтырып, мобильді номерін толтырып, онлайн түрде цифрлық қолтаңбамен келісімшартқа қол қояды, шот ашады және несиені алады.

Бірегей несиелік өнім шағын және орта бизнеске серпін береді, - дейді банк өкілдері. Кәсібін дөңгелетемін дегендер 20 млн теңгеге дейін несие рәсімдей алады. Несие мөлшерлемесі өңірге байланысты 7%-тен басталады.

Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры:

- «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорымен бірге іске қосып отырған несиенің Қазақстанда баламасы жоқ. Шешім қабылдау жүйесінен адами факторларды толықтай алып тастадық. Бұл маңызды қадам деп атар едім.  

Сонымен қатар Freedom Bank-тің кәсіпкерлікті қаржыландыруға бағытталған өз бағдарламасы арқылы 10 млн-ға дейін кепілсіз және 100 млн-ға дейін кепілмен несие рәсімдеуге болады.

Бұдан бөлек, банктің цифрлы ипотека және цифрлы автонесие бағдарламалары сәтті жұмыс істеп жатыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов.