Елордада «Тұмар» сыйлығы тапсырылды
Телевизия саласындағы қауым үшін басты байқау «Тұмар» сыйлығы екені белгілі. Бүгін 12 номинация өз иесін тапты.
Астанадағы салтанатта елдің әр өңірінен келген телевизия майталмандары бас қосты.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Ғұмырын телевизия саласына арнаған жан өмірінде бір рет «Тұмар» мүсіншесін басына көтеруді армандайтыны анық. Бүгін сол арманына бір топ жорналшы қол жеткізді. Астанада «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығының жүлдегерлері марапатталды.
Жүзден жүйрік шығып, қара үзгендер қатарында біздің де әріптестеріміз бар. Ғұмыр бойы телевизия саласында тер төгіп келе жатқан Еркін Байғабылұлы «Үздік тележүргізуші» аталымында топ жарды.
Еркін Байғабылұлы, «Күн тәртібі» бағдарламасының жүргізушісі:
- Мен осы телевизия саласында жұмыс істеп жүргеніме 30 жыл толып отыр. Сол азды-көпті еңбегімізге беріліп жатқан баға деп есептеймін. Шынымен де, телевизия деген бала кезімнен жақсы көретін өзімнің мамандығым. Менің енді осы маусымда жүргізген бағдарламам – «Күн тәртібі» деген бағдарлама. Бұл енді күнде күнде тікелей эфирде жүрді. Және елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерді, тіпті, халықаралық мәселелерді жан-жақты талқылап отырдық. Бұл арада өзіммен бірге қызмет атқарған әріптестеріме көп-көп рахмет айтамын.
Салиқалы дүниелерімен көптің ауызына ілігіп жүрген Бекзат Аманов әріптесіміз «Үздік журналистік зерттеу» аталымының жеңімпазы атанды. Оның Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін жан-жақты зерттеп, зерделеген материалын қазылар алқасы жеңіске лайық деп тапты.
Бекзат Аманов, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі:
- Сезім керемет. Күтпеген жүлде болды. Бірақ, бұл еңбектің еленгені деп білемін. Жаңа саханада айтып өттім, бұл тек менің ғана емес, «Хабар» агенттігінің айналасына шоырланған үздік мамандардың, телеоператорлар, режиссерлар, монтажерлар, барлығымыздың ортақ жеңісіміз. Шынымен де, біз белгілі бір «Тұмар», басқа байқауларда жеңеміз деп емес, шынымен де мәселені көтерейік, атом электр станцичясының айналасындағы өзекті сұрақтарға жауап берейік деген мақсатта дайындадық бұл арнайы репортажды.
Жалпы, сыйлық биыл 12 номинация бойынша тапсырылды. Ерекшелігі сол, алғаш рет байқау бағдарламасына «Үздік журналистік зерттеу» және «Үздік спорт комментаторы» номинациялары еніп отыр. Соңғысы белгілі тележурналист Амангелді Сейтханның есімімен аталды.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Арман Ақшабаев