Шымкентте еңбек қатынасында 167 заңбұзушылық анықталды

Шымкентте жұмысшылардың жалақысын төлемеген борышкер компаниялардан 454 миллион теңге өндірілді.

Еңбек заңдылықтарының сақталмауы салдарынан әлі 72 азамат алашағын даулап жүр. Жалпы жыл басынан бері аймақтағы кәсіпорындар мен мекемелерге қатысты 167 заңбұзушылық анықталып, 7 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Олар міндетті зейнетақы мен сақтандыру жарналарын аудармаған. Жұмысшылардың құқығына немқұрайлы қараған мекемелерде қауіпсіздік талаптары да жиі бұзылады. Жыл басынан бері 13 жазатайым жағдай тіркелді. Яғни, 4 адам опат болып, 11 жұмысшы жарақат алған. Еңбек инспекциясының өңірдегі өкілдері істі құзырлы органға жолдап, тергеп – тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Бауыржан Қалжанов, қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

- Бізге негізінен көп түсетін жалақының уақытылы төленуі. Мысалы 167 құқық бұзушылық болса, соның 108 жалақы төлеуге байланысты. 42 кәсіпорындағы 954 жұмысшының 454 миллион теңге жалақысын өндіріп бердік. Өндірілмеген 72 қызметкердің жалақысы қалды.