Бағбан болсаң, бақ өсір
Еселі еңбегі мен табандылығының арқасында өз ісін өрге бастырып, ауылдастарының алғысына бөленіп, қоғамға үлгі боп жүрген азаматтар аз емес.
Солардың бірі –батысқазақстандық бағбан Қайрат Кәрімов. Бұдан 8 жыл бұрын Бәйтерек ауданында халықаралық экспериментальды бақтың негізін қалаған кәсіпкер биыл облыс орталығында ботаникалық бақтың құрылысын бастамақ.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Орал алмасының өзіндік қайталанбас қызықты тарихы бар. Өткен ғасырдың басында қаланың іргесінде 700 дей алма бағы болған деседі. Ал 1910 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеде жергілікті анис сорты алтын медаль алыпты. Бұл әйгілі Алатау апортының даңқы шықпастан 13 жыл бұрын болған оқиға екен. Жалпы жергілікті өнім антиоксиданттар деңгейімен, биохимиялық құрамымен ерекшеленеді.
«Ең тәтті, ең пайдалы алма Ақжайықта өседі. Ол алдымен ауа райына байланысты», - дейді Қайрат Кәрімов. Байырғы бағбан оралдық өнімнің бұрынғы даңқын қайта түлетуді көксейді. 2015 жылы отырғызған Исаев атындағы тәжірибелік бақта 200-дей алма, 215-тей жүзім түрі сынақтан өтіп жатыр. Мичуриннің шәкірті, алма сорттарын зерттеумен аты мәшһүр Сергей Исаев алманың 40сортын ойлап шығарса, соның 36-сы осы бақта. Қалғаны Жигули алмалары мен белгілі селекционер Леонид Котовтың коллекциясынан.
Қайрат Кәрімов, бағбан:
- Үлкен сорттарын шығаруға болады. Бай биохимиялық құрамда. Пазлдар біздің жерде қосылады. Басқа жерде мына Екатеринбургте Леонид Котов шығарған алмалар 150 грамм көрсетсе, бізде 200-250 грамм көрсетеді, Ресейде «орта полосада» алмалар 200 грамм көрсетсе, бізде ол 300-ге жақын көрсетеді. Біздің жеріміз сондай. Бізде континентальность, қыста -40, жазда +40. Сосын күн мен түн. Қазір күндіз сыртқа ышға алмаймыз ыстылықтан. Түнде куртка киіп шығамыз. Сосын ең ұзақ жарық күні. Жазда 19 сағат. Соның бәрі биохимиялық құрам соған әсер береді.
Тәжірибелік бақтағы алма түрлерінің қай-қайсысы да кездейсоқ егілмеген, батыс өңірінің ауа-райына шыдамды, мол өнім беретін жеміс түрлері. Мақсат – осылардың арасынан ең лайықтысын тауып таңдау. Ғалым-бағбан өз жары Розамен бірге күні-түні алма бағынан табылады. Қазір докторлық диссертацияларын жазып жатыр. Көктемде әр ағаштағы гүл мен түйнек саналса, жазда әр жемістің салмағы өлшенеді. Зерттеудің алғашқы нәтижелері де бар.
Қайрат Кәрімов, бағбан:
- Өзіміз белгілеген сорттар бар әуесқой баққа, өнеркәсіптік баққа деп. Мына сорт бар. Услада деген. Народный деген сорт бар. Мынау Услада өзін жақсы көрсетіп жатыр. Родниковый деген бар. Жақсы жақсы көрсетіп жатқан 7-8 сорттар бар. Енді анадай сорттар бар өте ірі емес, олар деген против гипертонический сорттар дейді. Өте ірі болмайды. Но витаминге өте бай. Балаларға арнап шырын жасауға болады.
Соңғы рет облыста алманың аудантастырылған сұрпы 1973 жылы шығарылыпты. Содан бері өңірдің климатына лайықты бірде-бір алма түрі анықталмаған. Жалпы облыста жеміс шаурашылығы тұралап жатыр. Жеке тұрғындардың ауласын қоса санағанда 450 гектардай бақ болса, соның 216 гектары ғана алма бағы.
Кеңес Қайдашев, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- 2022 жылы 216 гектар алма бағы бар. Осы көлемнен 800 тонна жиналды. Ол біздің облыстың қамтамасыз етудің 95 пайызын құрайды. Қалған көлемдер 15 мың тоннадай қажеттілік бар, қалғаны иморттап, Оңтүстік Қазақстан облысынан және шетелден әкелінеді.
Жеміс ағаштарын егуге кеткен қаржының қайтарымы баяу. Әрі мемлекеттен демеуқаржы алу үшін бақтың көлемі 5 гектардан кем болмауы тиіс. Өңірде алма өсірудің кенжелеп қалуының бұлардан басқа тағы бір басты себебі ғылыми жұмыстардың жүргізілмеуі. Оралдық бағбан Қайрат Кәрімов осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Биыл ол облыс орталығында ботаникалық бақтың құрылысын бастамақ.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов