Еңбек адамы: Әйелдер қай істе де озат
Темірден түйін түйіп, дәнекерлеп қажетті материал жасау оңай шаруа емес.
Бірақ бұл салада ерлермен иық тірестіре еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып отырған әйелдер қауымы жетіп артылады. Солардың бірі – Ольга Михельсон.
Қазір ол «АрселорМиттал Теміртау» еншілес кәсіпорны «Құрылысмет» комбинатының бөлімін басқарады. «Еңбек ардагері» және «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері 45 жыл бойы өз мамандығына адал.
Өндірістегі барлық мамандық ерлерге ғана тән деп есептеу қате ұғым. Бұған еліміздегі ең ірі металлургиялық зауыт ұжымымен танысқанда анық көз жеткізесің. Ольга Михельсон дәнекерлеу ісін жастайынан меңгеріп алды. 45 жылдан астам уақыт бойы комбинаттағы күллі технологиялық процестерді әзірлеуге жауап береді.
Ольга Михельсон "Құрылысмет" ЖШС ҚДБ конструкторлы-технологиялық бөлімінің бастығы:
- Менің міндетім комбинаттың барлық цехында дәнекерлеу жұмыстарын ұйымдастыруға негізделеді. Крандардың металл конструкцияларын, ғимараттар мен жабдықтарды тексеремін. Әр цехты аралап, олардың құрылу барысы көз алдымнан өтті.
Ольга Михельсон басқаратын конструкторлы-технологиялық бөлім түрлі бағытта жұмыс атқарады. Соның ішінде дәнекерлеу, термиялық, ұсталық және механикалық өңдеу бар. Ең бастысы – дайындаушы цехтарға тапсырысты толық орындап береді. Оның жетекшілігімен білікті, жауапкершілік жүгін арқалаған мамандар еңбек етеді.
Ольга Михельсон "Құрылысмет" ЖШС ҚДБ конструкторлы-технологиялық бөлімінің бастығы:
- Жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындауға тырысамыз. Ұжыммен арадағы қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бір-бірімізге көмектесуге әрқашанда дайын тұрамыз. Әріптестерім алдына мақсат қоя біліп, соған жете алатын алғыр адамдар. Соңғы кезде арамызға жастар да көптеп қосылып жатыр. Тәжірибелі мамандар оларға ақыл-кеңес беруден аянбайды.
Ольга Михельсон жұмыстан бөлек, түрлі салада да белсенді. Кезінде үстел теннисімен шұғылданып, таулы шыңдарды бағындырған. «Бірақ ең бастысы - өз мамандығыңды сүйіп адал болу», - дейді ол.
Авторы: Данияр Сұлтанұлы