«Ауыл аманаты» жобасының игілігі мол

Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсібін ашқандар алғашқы өнімін делдалсыз нарыққа шығара бастады.

Тұрақтандыру қорының әлеуметтік дүңгіршектері біртіндеп осындай іскер жандардың игілігіне беріліп жатыр. Мұндай сауда орындарында азық-түлік төмен бағада сатылады.

Мерхат Жұмашев «Ауыл аманаты» бағдарламасы көмегімен бизнесін бастағандардың бірі. 19 млн теңгеге жуық несие алып, Қоскөл ауылынан нан өнімдері мен жартылай дайын тағамдар шығаратын цех ашқан. Өнімдерін әлеуметтік дүңгіршекке өзі жеткізеді. Соңғы уақытта тауарға сұраныс та едәуір артқан.

Мерхат Жұмашев, кәсіпкер:

- Осы бағдарлама өте тиімді біздің кәсіпкерлерге. Неге десеңіз, біздерге 1,5 жыл каникул беріп тұр. Пайызы өте төмен. +Киоскіге үш күндей болды біздің алып келіп жүргенімізге. Үш күннен бері сұраныс бар. 850 теңгеден пельмендер, нандар 190 теңге жоғары сорт, тәтті булочкалар бар, выпечкалар бар 150-200 теңгеден.

Әлеуметтік дүңгіршекке әзірге он шақты кәсіпкердің өнімі қойылған. Мұнда нан, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, көкөніс сатылады. Делдалсыз жеткізілгендіктен тауарлар бағасы нарықтан төмен.

Лилия Конюхова, қала тұрғыны:

- Бұл жерде таңдау мол. Әрі арзан. Біз сияқты зейнеткерлерге қолайлы. Енді азық-түлікті үнемі осы сауда орнынан аламын.

Аймақта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3,5 млрд теңгеге 500-ден астам жоба мақұлданды. Бизнес бастамалардың дені ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге бағытталған. Облыс орталығында тұрақтандыру қорына тиесілі 15 әлеуметтік дүңгіршек бар. Соның біреуі осы бағдарламаның қатысушыларына берілген.

Ержан Досмақов, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары:

- Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандары бойынша сүтті бағытта ашылған болса, оңтүстік аудандарда етті бағыттағы малдарға бағытталған. Сонымен қатар ауылдың ішінде ашылатын басқа да кәсіпке ден қойылып отыр. Бағаны өндіруші өзі қойып отыр. Өндіруші келіп, дүңгіршекте тұрып сатуға олардың мүмкіншілігі жоқ. Сондықтан олар тауарды осында жібереді, дүңгіршекте олардың шоттары болады. Сол шоттарына тікелей лақтырады. Сонда ешқандай делдалсыз өтеді.

Мамандар «Ауыл аманаты» жобасы негізінде кәсібін бастаған тауар өндірушілерге әлеуметтік дүңгіршектер ортақ екенін айтады. Сондықтан алдағы уақытта қалған 14 сауда орнын да сол мақсатта қолдану көзделген. «Өнім түрлері мен көлемі артқан сайын нарықтағы баға тұрақтылығын қамтуға мүмкіндік ұлғаяды», - дейді олар.

 

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов