Қарағандыда жол ережесі дрон арқылы бақыланады
Қарағандылық полицейлер жол учаскесін дрон арқылы патрульдеуге кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құрылғы жол апаты көп болатын Алматы-Екатеринбург тасжолындағы қауіпсіздікті қадағалайды. Қазір Полиция департаментінде осындай 3 ұшу аппараты бар. Олар кез келген көліктің нөмірін 200 метр қашықтан айқын түсіре алады.
Жалпы облыста жыл басынан бері жол көлік оқиғасынан 81 адам опат болды. Бір көліктегі 5, тіпті 9 адам қаза тапқан жантүршігерлік апаттар осы жолда тіркелді.
Бекзат Сәулембаев, ПД патрульдік полиция батальонының командирі:
- Жазғы кезеңде Алматы-Екатеринбург республикалық маңызы бар жолында ЖКО жиі орын алып отыр. Осыған байланысты ПД шешімімен патрульдік полиция нарядының саны 10-нан 32-ге дейін ұлғайды. Дрон құрылғысы арқылы жолдың қарсы бағытына шыққан жүргізушілерді анықтап, әкімшілік хаттама толтырамыз. Күніне 1 учаскеден 10-15 құқықбұзушылық осы дрон арқылы анықталады.