Ақмола облысында қайта өңдеу саласында өсім бар

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында өсім бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері 180 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Әсіресе құс еті мен өсімдік майының өңделген өнім көлемі артып отыр. Мемлекет басшысы Жолдауында агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін алдағы 3 жылда 70%-ке дейін жеткізуді тапсырды. Осыған орай өңірде кешенді жоспар құрылып, салаға басымдық берілді.

Бұланды ауданы орталығындағы мына зауыт тәулігіне 600 тонна өсімдік майын өндіреді. Нысан толығымен автоматтандырылған. Өнімнің сапасын бақылайтын зертханасы бар. Майдың 3 түрін шығарады. Дайын өнім ішкі нарыққа ғана емес, алыс-жақын шетелге де экспортталады.

Василий Боревич, зауыт директоры:

- Иә, біздің өндіріс ошағы қалдықсыз, әрі табиғи өнім шығарады. Біздің майды көбіне жергілікті құс фабрикалары алады. Рапс майына сүт зауыттарынан сұраныс жоғары. Ал зығыр майын Қытайға экспорттаймыз. Біз алдағы уақытта тазарту қондырғыларын орнатып, өсімдік майын бірден тұтынушыларға жеткізуді көздеп отырмыз.

Өңірде өңделген майдың үлесі 60%-тен асады. Ал қайта өңделген құс етінің көлемі 90%-ке жетіп отыр. Облыста 60-тан астам кәсіпорын нарыққа өнім шығарып отыр. Алдағы уақытта қатары тағы көбейеді.

Уәлихан Ескендіров, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Қазір бізде инвестициялық жобалардың 2023-2026 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Оның аясында 71 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жобалардың жалпы құны 290 миллиард теңгеден асады.

Аталған жобалар жүзеге асса өңделген май өнімі 54 тоннаға, ет 62 және сүт өнідірісі 39 тоннаға ұлғаяды. Сонымен қатар 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.