Көкшетауда су тазарту станциясы салынып жатыр

Нысан ауызсудың сапасын арттырып, қала тұрғындарын тіршілік нәрімен үздіксіз қамтамасыз етеді.

Станция жанында арнайы зертханалық орталық  болады. Онда судан түрлі сынама алынып, сапасы тексеріледі. Ал қала тұрғындары көптен күткен нысан келер жылы іске қосылады.

Су тазарту станциясының жобасы 2009 жылы қолға алынды. Сол уақыттан бері бірегей жоба бірнеше рет қаралып, тек осы жылы мақұлданды. Қос блоктан тұратын орталықта қазір жұмыс қызу. Нысан тәулігіне 30 мың текше метр суды сүзгіден өткізеді.

Қуаныш Өтегенов, мердігер:

- Қазіргі уақытта біздің блок очистной соружденияда құрылыс жұмыстарымыз 90 пайызға бітірілді. Сэндвич панельдер орнатылып, терезелер орнатылып, металл конструкция жиналып, бетонный жұмыстары бітіп тұр. Қазіргі уақытта ол жақта оборудование күтеміз. План бойынша оборудованиелер келесі жылдың көктемінде болады. Бірақ январдың аяғында кейбір қондырғылар келе бастайды.

Ал заманауи қондырғылардың бәрі Араб Әмірліктерінен әкелінеді. Қос тарап арнайы келісім-шартқа отырған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. 30-ға жуық адам мен оннан астам техника жұмылдырылған. Ал қажетті қаражат облыс бюджетінен бөлінді.

Ардақ Тасқынбай, құрылыс бөлімінің басшысы:

- Жалпы соммасы 7 млрд 200 млн.теңге. Биылғы жылы облыстық бюджеттен 1 жарым миллиард берілді. Мердігер ұйым ол жұмысты атқарып жатыр. Дәл қазіргі уақытта 900 млн теңгеге жұмыс атқарылды. Жалпы проект біткесін қалада таза су болады.

Бұдан бөлек, іргетасы 1970 жылы қаланған су тазарту орталығы да жаңартылып жатыр. Биыл станцияның зертханасы мен жылу қазандығы жөндеуден өткен. Осылайша жергілікті билік өкілдері алдағы 1-2 жылдың көлемінде шаһардағы ауызсу мәселесі түбегейлі шешім табатынына сенім білдірді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный