Қоғамдық мәдениетті қалай қалыптастырамыз?
Жарнаманың да жақсысы, жаманы бар.
Жұртты тегінге шақырып, арты ұрыс-керіске ұласып жатыр.Тәртіп болмаған соң, қауіпті жағдайлар да туындайды. Әсіресе балаларға алаңдайсың. Сонда кім кінәлі? Әлде бұл кәсіпкердің болмашы қателігі ме? Қоғамдық мәдениетті қалай қалыптастырамыз? Көпке үлгі боларлық кімдер бар?
Мынау Астананың төрінде гүл сататын дүкен ашып, ұтысқа көлік тіктік деп жалпақ жұртқа жар салған жарнаманың салдары. Ұйымдастырушылар ақыры айыппұл төлеп құтылды.
Көрме өткізген тәжік ағайындар да көрмеге келген елге жеміс-жидек таратқан. Ығы-жығы халықтың әрекеті сол кезде сынға ұшырағаны рас. Бірақ әкімдік ешқандай тәртіп бұзушылық болған жоқ деп мәлімдеді. Көрме-жәрмеңкеге сол кезде 100 мың адам келіп, 1000 тоннадан астам өнім сатылған.
Мақсат Жаңабаев, Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
-Жалпы іс-шара жақсы өтті. Ешқандай жанжал болған жоқ. Тәжікстан тарапы екі күнде 1000 тонна өнім сатты. Бір бөлігін ақшаға берсе, кейбірін өздері ерікті түрде халыққа тегін таратты. Жүзім мұнарасының басына өрмелеп шыққандар – Тәжікстаннан келген қонақтарымыз. Сол пирамиданы жасаған фермерлер қауіпсіздік мақсатында өздері жемісті таратып тұрды.
Мұндай мысалдар аз емес. Алматыдағы арбатта балаларға тегін шоколад ұсынып, артынша кептеліс туындап, балалар зардап шеге жаздаған. Ал Шымкенттегі 500 кілемді тегін береміз деп жұртты алдағандар да елдің есінде.
БЛИЦ:
-Қазір көзіміз ашық заман, инстаграм деген бар. Тик-ток деген бар. Бәрі алдандық деп шағымданады. Все равно алдайды.
Мерекеде палау таратса, оны алып жатқандарды әжуалап әлеуметтік желіге салу, түймедейді түйедей етіп жариялауға да құмармыз. Пікірлер де сан алуан.
БЛИЦ:
Айнұр Күнсафина, қала тұрғыны:
-Банкоматқа тұрған кезде кезек сақтамаймыз. Сол нәрсе бір-бірімізді сыйламау деген нәрселерден келіп туады деп ойлаймын.
Сержан Нарешов, қала тұрғыны:
-Ұйымдастырушылар іс-шараны ұйымдастырғанда қателік жібермей, халыққа дұрыс ақпарат беріп, қате-кемшілік жібермеу керек. Бәрін дұрыс атқарып, өздеріне жауапкершілік алу керек.
Жалпы қай істі да алдын ала жоспарлау – міндет. Акция, көрме өткізушілер халық көп келетін болса, жұрттың жүріп-тұруына, тәртіптің сақталуына назар аударуға тиіс.
Асхат Қажытай, мерекелік шараларды ұйымдастырушы:
- Бұл жай ғана бір бұрышта өтіп жатқан шара емес, бұл енді халықаралық шара болғаннан кейін үлкен алдын ала жиындар өтеді. Сол кезде бұл шараның басынан аяғына дейін қалай өтетіні айтылу керек. Көбісі басын ойламайды да, соңғы жағын ойлайды. Сосын бас жағында түрлі бір тәртіпсіздік шаралары өтіп жатады. Бұл жерде ұйымдастырушылар сол басынан аяғына дейін қауіпсіздің шаралары болсын, ұйымдастыру шаралары болсын талқылап, өздері жасау керек.
Жұрт көп жиылып, шу шығатын орындардың бірі – стадион. Әлемдік ареналарда талай сойқанның болғаны да белгілі. Осыны ескерген біздің елдің футбол жанкүйерлері игі бастаманы қолға алды. Матч аяқталғанда жастар жұртқа қоқыс қалташаларын таратады. Артынша көп болып жұмылып, стадионды тазартып кетеді. Осындай жобаны қолға алған еріктілердің жетекшісі – Әзиз Жұмаділ.
Әзиз Жұмаділ, Қазақстан жанкүйерлер одағының жетекшісі:
- Ұйымдастырушыларға жай ғана лайфхак, бір 30 шақты еріктіні көмектесіңіз деп шақыру керек. Содан кейін акция немесе мерекелік шара біткеннен кейін әрқайсысының қолына мусор жинайтын пакеттерін таратып бере қойса, олардың жинап жүргеніне қарап, басқа халықта өзімен-өзі автоматты түрде қосылады. Сөйтіп ол үлкен бір акцияға айналады. Бәлкім бір 5 жылдан кейін, бәлкім 10 жылдан кейін біз түбі бір осындай мәдениетті шара ұйымдастыратын жағдайға жетерміз.
Жас келсе, іске. Жастар бас болып қоғамдағы мәдениетті қалыптастыруға үлес қоспақ. Үлес қосып та жүр. Футбол ғана емес, күнделікті өмірде біз де осылай үлгі бола алсақ, қане?! Көпшілік бізді қолдай ма екен? Қалай ойлайсыз?!
Авторлары: Зарина Кәп, Серік Қоңырбаев