Қарағанды облысында 90 мың гектар жер мемлекетке қайтарылады
Егістік, шабындық және жайылымдық алқаптарды басып алған 54 шаруашылық тексеріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Жер босаса, ауылда кәсіп ашуға ниетті жастарға берілмек.
Жалпы Қарағанды облысында 90 мың гектар алқап игерілмей бос жатқан. Биыл мемлекет меншігіне қайтарылады. Соның 35 мың гектары Қарқаралы ауданына тиесілі.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Нұрбек Құмырзақ 2017 жылы отбасымен Көктас ауылына көшіп келген. Қазір мал шаруашылығымен айналысады. Бірақ төрт түлік басын өсіруге шабындықтың жоқтығы қолбайлау болған. Жерге қатысты өткізілген конкурстан 4 мәрте құлаған. Тек екі жыл бұрын 760 гектарға қол жеткізді. Соның 500 гектардан астамы шабындық. Қалған алқабына биыл алғаш рет егін салмақ. «Осылайша, жем-шөп мәселесі толық шешілді», - дейді шаруа.
Нұрбек Құмырзақ, шаруа қожалығының басшысы:
- Енді жерлер игерілмей бос жата бермеу керек және біздің үлкен шаруашылықтар ол жерлерді шама келгенше ұтып алады. Ол жерлерді әкімдікпен, халықпен ақылдасып қалдыра берсе де болады халыққа. Ауылда әр адамда техникалары, мал бар. Соларға берсе. Ал одан артылып жатса, ауылға келем деген жас жігіттерге беруіне болады.
Ауылда ата кәсіпті жандандырып, егін салсам деген жастар көп. Бірақ жер алуда кедергілер бар. Едәуір бөлігі елді мекеннен тым қашық. Ал жақын маңайдағысы бұрын ірі шаруашылықтарға өтіп кеткен.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Қарқаралы ауданында 54 шаруа қожалығы жерді дұрыс пайдаланбай келген. Игерілмей жатқан алқаптардың жалпы ауданы 30 мың гектардан асады. Өткен жылы бұл шаруашылықтарға тексеріс басталды. Игерілмеген жерлер мемлекет меншігіне қайтарылады.
Мамандар жердің дұрыс мақсатта игерілуін спутниктік бақылау арқылы тексереді. Жерді пайдалану бағытына қарай талаптар бар. Мысалы мал шаруашылығы болса, әр 15 гектар алқапқа бір жылқыдан келуі керек. Сол сынды бір сиырға 12 гектар, ал қой басына кемі 2,5 гектар жер игерілуі тиіс. Олай болмаса, шаруа жерді мемлекетке қайтарады. Оған көнбесе, сот араласады.
Нариман Есов, Қарқаралы ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Жер алғандарға мониторинг жүргізіледі дедік қой. Егер ол алғаш ашылған шаруашылық болса, 5 жыл қатарынан мониторинг жүргізіледі. Сол аралықта жаңағыдай малын өсіруі керек, егін болса, оны егуі керек, шөп шабу сияқты жұмыстарды жүргізуі керек.
Қазір Қарқаралы ауданында 3,5 миллион гектар жер бар. Жыл басынан бері соның 4 мың гектары мемлекетке қайтарылған.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар