Елімізде тұтынушылар құқығын қорғайтын омбудсмен институты енгізіледі
Елімізде тұтынушылар құқығын қорғайтын омбудсмен пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.
Ал тауар сатып алған немесе қандай да бір қызметті пайдаланған азаматтың құқықбұзушылыққа қатысты талабы орындалмаса, кәсіпкерге айыппұл салу тетіктері қарастырылып жатыр. Мәжіліс «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат тұтынушылардың шағымдарымен жұмыс істеу жүйесін жеңілдетеді.
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен азаматтарға консультациялық көмек көрсетеді. Олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюға және өзге де функцияларды орындауға құқылы болады. Оны Сауда және интеграция министрлігі тағайындайды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Біріншіден, азаматтық-құқықытық тұтынушылық шағымдарды шешу тәртібі көп сатыдан екі сатыға дейін жеңілдетіледі. Екіншіден, тұтынушылардың қорғау туралы заңның базалық қағидаттары қаржылық қызметтерден басқа барлық қызмет көрсету салаларында қолданылатын болады. Үшіншіден, омбудсмен мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктер тұтынушылардың белгіленбеген тобына қатысты талап қою құқығына ие болады. Онлайн саудада тұтынушылардың құқықытарын қорғау бойынша түзетулер ұсынылады.
Енді сотқа дейінгі сатыда тұтынушылардың талаптарын орындамаған кәсіпкерлерге айыппұл салынуы мүмкін. Жаңа заң жобасы тұтынушылардың шағымдарымен жұмыс істеу жүйесін жеңілдетеді. Енді олар өз құқықтарын қорғаудың жолдарын таңдай алады. Мысалы, тікелей сотқа талап арыз бере алады. Сатушыны жауапқа тарту үшін мемлекеттік органға хабарласуға да құқығы бар. Немесе арбитражға, медиаторға, қоғамдық тұтынушылар бірлестіктеріне және омбудсменге жүгінуіне болады.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бизнесті қолдайтын заңдар көп, бірақ біз, тұтынушылар кімге барамыз? Еліміздегі дау-дамайдың көбі кішкентай проблемадан басталады. Былай қарасақ, заң болды, бірақ ол сапалы қызмет атқарған жоқ. Көп жерлерде лоббистік нормалар байқалады. Ананы тексерме, мынаған бар ма? Мынаған сотқа берме деп. Бұл заң сапалы дайындалды. Омбудсмен енгізіледі сотқа дейінгі мәселелер тез жүретін болады. Депутаттар 360-тан астам ұсыныстарын берді.
2021 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне азаматтардан 25 мың өтініш түскен. 2022 жылы 30 мың, ал 2023 жылы олардың саны 51 мыңға дейін өсті. Тұтұнушылардың электрондық сауда саласындағы құқықбұзушылықтарға қатысты шағым саны 2023 жылы 7 732 болды.
Тұтынушылардың шағымы жыл сайын артып келеді
2021 жылы 25 мың өтініш
2022 жылы 30 мың өтініш
2023 жылы 51 мың өтініш
2023 жылы электронды саудаға 7732 шағым түсті
Екінші оқылымға дейін заң жобасында электронды сауда қызметін реттеу және омбудсменнің қызметіне қатысты тұстар тағы пысықталады. Бұл қоғамға өте қажет құжат. Бастысы – бұл заң әр тұтынушының құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев, 24kz