Соғым бағасы қанша болып жатыр?

Қылышын сүйретіп қыс жетті.

Қазақ дәл осы уақытта соғым сояды. Қыстық азығын қамдайды. Кейінгі бірер күнде шым-шымдап аяз көтеріліп, соғым соятын жұрттың құдайы беріп қалды.

Марал: Демалыс күндері Астана жәрмеңкесінде сиырдың еті келісі 2300, қой мен жылқы еті 2 300 - 2 жарым мыңнан сатылған. Қала жұртының біразы етті осылай келілеп алғанмен, соғым соятындар аз емес әрине. Сөйтіп, соғымның бағасы қанша? Базар нарқы не дейді?

Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай... Көрпесіне қарай көсілетін, мұртын майламаса да, ұртын толтырып жейтін қазақ дәл осы уақта соғым іздейді. Көбі қазысы екі еліден кем шықпайтын жылқы малына көз салады.

Марат Қазақстанұлы, қала тұрғыны:

- Соғым басталған уақыты ғой. Қар түсті жерге. Қазір жілік майы толды. Даладан сойған мал дұрыс болады. Жайылымнан келген. Көбі жанағы сары деп алмай жатады. Негізі нағыз витамині жасы толған 7 жастан жоғары сойған дұрыс болады негізі.

Дәл осы мезгілде жылқы жарықтық қазысын қабырғасына жинайды. Қазақта даладағы жылқысын иіріп, ішінен сойыс малын ұстайды. Қазысы келіспесе базарға жүгіреді. Елорданың мал базарын біз де шолып қайттық.

Әлішер Әли, тілші:

- Біз қазір Астанадағы шетіндегі осындай бір мал базарында тұрмыз. Бұл жерде жабағыдан бастап тай, құнан, дөнен, байтал тіпті ту биеге дейін бар. Бағаларын қазір сұрап білетін боламыз.

Елубай Нұржанов, мал сатушы:

- Жылқыға келетін болсақ мынандай 1,5 жасарларды алуға болады, 1 семьяға. 170-18 кг дейін береді. Үлкендері 230-250 кг дейін береді. Бағалары қалай? Бағалары шамамен 380-400 мың шамасы. Үлкендері 600-650 мыңға дейін барады. Өзгеріс жоқ. Былтырғымен бірдей. Былтырда 2600 болған. Биыл да 2600 болып тұр.

Жөн білетін жұрт қолға байлаған малды емес, тебінде жүргенін сояды. Яғни қазақ жылқыны қар бастырып, бір аяз көрсетіп барып пышаққа жығады.

Ержан Жаубай, журналист:

- Арқада аязға соқтырып алған жақсы етті. Өйткені оның сүрленгеніне де жақсы болады. Ал Монголия қазақтарының қараша басында соятын себебі салқын сол кезде түсіп кетеді, екіншіден жел бар. Желге қақтырып алады. Етті қанша сүрлесе сонша ұзақ сақтайды ғой. Соғымға соятын жылқы күзгі сарыбауын шөп дейді, соған бір тойған кезде оның еті нығыздалып, майы толысады, тағамдық құндылығы артады.

Соғым сою қазаққа ғана тән. Жер бетінде қазақтан өзге халықта мұндай дәстүр жоқ. Мал сойған ел етті жазды ыстайды, тұздайды. Ал қыстан жазға қалатын жылқы еті сүрленеді. Оған мұздатқыштын да қажеті жоқ. Мұздатқыш ақшұнақ, сарышұнақ аяздар.

Әлішер Әли, Мадияр Қындыбаев