Маңғыстауда соғымға түйе сояды
Маңғыстаулықтардың алды бұл уақытта түйе сояды. Соғымға таңдалған Ойсылқара төлі өрістен келген соң бір тәулік қорада тұрады.
Осы аралықта малға су берілмейді. Өйткені түйе еті су татып, бойындағы құнарынан айырылады деген түсінік бар. Сойыс күні үй иесі кәсіби қасапшы немесе ірі қара соя білетін адамды арнайы шақыртады. Бұл күні ағайын-тума, көрші-қолаңНЫҢ көмекке келіп, соғым сою рәсімін отбасылық мереке ретінде тойлауы ертеден қалыптасқан.
Жусанбай Тұрарұлы, жергілікті тұрғын:
"Маңғыстаудың басқа өңірлеріне қарағанда өзіндік ерекшелігі болады. Маңғыстауда жалпы соғымды желтоқсанның орта жерінен бастап сояды. Бірақ желтоқсанға шейін ет жемей қарап отырмайды. Желтоқсанға дейін "қараша - қауыс, кәрі-құртаңды тауыс" деп семірген, 6-7,7-8 жасқа келген семіз қойларды үйітіп, бүріп, сол үйітілген қойдың құйқалы етпенен соғымға дейін жететін болған. Содан кейін барып соғым сояды. Көбіне түйе малын сояды. Оның өзінің ерекшеліктері бар. Түйені әкеледі, байлайды, ішін тазарту үшін."