28 қаңтар – Халықаралық жеке деректерді қорғау күні

Бүгін халықаралық жеке деректерді қорғау күні.

Қазіргі цифрландыру дәуірінде азаматтардың дербес деректері қаншалықты қорғалып жатыр?

Ел тұрғындарының киберсауаттылық деңгейі қандай? 

Қазақстан ақпараттық қауіпсіздік деңгейі бойынша әлемде қазір 31-орында. Ал осыдан 10 жыл бұрын 103-орында еді. Бұл ақпараттық қауіпсіздік комитеті келтірген статистика. Көрсеткіш қуантарлық болса да, халықтың сауаттылық деңгейін әлі де көтеру керек. Ол үшін арнайы портал да ашылған. Мұнда азаматтар киберқауіпсіздік негіздерін оқып, жеке деректерін сақтауды үйренеді.

Нұрбол Мұқашев, ақпараттық қауіпсіздік комитетінің дербес деректерді қорғау басқармасының басшысы:

- Осы уақыт ішінде порталда 300 мыңнан астам пайдаланушы кірген, танысқан. Оның ішінде 55 мыңнан астам адам тіркелген. Ал 41 мыңнан астам адам оқуды, курсты толық өткен.

Яғни азаматтар жеке деректерін қорғауға бағытталған қарапайым ережелерден хабардар болуы шарт. Айталық, несие аламын деп жеке басын куәландыратын деректерді беріп, бірақ несие рәсімделмей, шот ашпайтын жағдайда дербес деректерді жою туралы өтініш жазып кетуі керек. Көпшілік мұндай қарапайым ережеге мән бермейді.

Нұрбол Мұқашев, ақпараттық қауіпсіздік комитетінің дербес деректерді қорғау басқармасының басшысы:

- Жылдың аяғына дейін жоспарда бар кнопка отзыва деп айтайын, дербес деректерді қайтып алу деген, соны ойластырып жатырмыз. Яғни ол дербес деректерді қайтып алуға кнопка болады егов порталда, әр адам кіріп, көре алады қай мекемеге дербес деректеріне согласие бергенін, сол көрген жерінде астында кнопка отзыва болады, қайтып алу деген, соны басқан кезде 15 күн ішінде дербес деректер жойылу керек.

Сол секілді елде ерекше қорғауды талап ететін жүйелерді анықтау жұмысы да алға қойылған. Айталық, қазір Қазақстанда 570 нысан киберқауіпсіздік  бойынша үнемі бақылауда.

Айдар Жұбандықов, кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының менеджері:

- Себебі олардың қайсыбіріне кибершабуыл жасалатын болса, белгілі бір сала тұралап қалатыны белгілі. Олардың 126-сы мемлекеттік қызмет көрсететін нысан, 247-сі байланыс және ақпарат, 50-ге жуығы тарнспорт, 70-і қаржы нысандары болса, 16-сы энергетика, 32 денсаулық сақтау, 11 мұнай және газ өндіру, ал 18-і тау кен өндіру нысандары. 

Айта кетейік, дербес деректерді қорғау заңдық тұрғыда да күшейіп келеді. Біреудің жеке деректеріне қол сұғылған жағдайда бұрын 10-нан 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынса, 10 қаңтардан бастап әкімшілік жауапкершілік көлемі 30-дан 2000 айлық есепттік көрсеткішке дейін ұлғайды.

Мөлдір Молдағали