Биыл Қазақстанда демалушылар саны екі есе артты

Былтыр 6 млн адам ел ішінде саяхаттап, 11,5 млн турист шет мемлекеттерден келген, деп хабарлайды 24kz.

Статистика деректеріне сүйенсек, Қазақстанда демалушылар саны кейінгі жылда екі есе артып отыр.

Мысалы, екі жыл бұрын Қытайдан 30 мың турист қана келсе, былтыр бұл сан 80%-ке артып, 655 мың қытайлық саяхатшы елімізге табан тіреген. Үндістаннан 150 мыңнан астам турист келді. Сол секілді, Германиядан жыл сайын 100 мыңға жуық адам келіп, кетеді екен. Мамандар олардың көбі тарихи Отанын қайта көруге келетіндер мен ата-бабасы осы жерді мекен еткен қазіргі ұрпақ өкілдері екенін айтады. Былтыр жалпы 15 млн адам шекарадан бері қарай өтті. Тұрақты тұру мақсатымен келгендерді қоспағанда транзиттік турист, іс-шараға қатысуға келген түрлі делегация өкілдері, бизнес-турист, демалушы – осының барлығы турист деп есептеледі. Бұл өзіңіз айтқандай, 12 млн-ға жуық адам. Сонымен қатар Парсы шығанағы мемлекеттері, Еуропа елдерінен де туристерді көптеп тартуға басымдық беріліп отыр. Бүгінде 83 елдің азаматтары елімізге визасыз келе алады.

Былтыр еліміздің туризм саласына тартылған инвестициялар 20%-ке артып, 947 млрд теңгеге жетті. Бұл – мемлекет, жергілікті атқарушы органдар және жеке кәсіпкерлер тарапын салынған қаржыны қоса алғандағы жалпы көлем. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев саланың дамуына серпіліс беретін бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынғанын айтты. Мысалы, биыл Маңғыстау облысы, Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай курорттық аймағына қатысты нақты жоспарлар бекітілген.

Нұртас Кәріпбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы:

- Жергілікті атқарушы органдардың біз талдау жасаған кезде инвестиция бойынша 15 өңірде оң нәтиже беріп отыр. 5 өңірде теріс нәтиже беріп отыр. Сол бойынша біз кеңейтілген алқа мәжілісін өткізген болатынбыз өткен аптада. Сол кезде нақты тапсырмалар беріп, жергілікті атқарушы органдардың қандай жоспары бар екені бізге тыңдалды. Бірінші кезекте бізде мынау үш аймақ Маңғыстау, одан кейін Алматы тау кластері, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы бойынша нақты жоспарлар бар.

 

Kids Go Free: 2100 бала ел ішінде тегін саяхаттады

Былтыр елде 2172 бала Kids Go Free бағдарламасы аясында тегін саяхаттады. Жоба отбасымен бірге демалысқа шыққан балаларға ұшақпен ақысыз қатынауға мүмкіндік береді. Туристік компаниялар 415,6 млн теңгеге тур сатса, 114,5 млн теңге көлеміндегі әуе билеттерінің құнын мемлекет төледі. Балалы отбасылар көбіне қай бағыттарды таңдады десек, ең көп сұраныс Алакөл жағалауы болды. Онда сатылған турлар саны 1 жылда 20%-кее өсіп, 700-ден астам бала Алакөл көлдеріне тегін саяхаттап барған. Кейінгі 1 жылда Алматы мен Алматы облысының маңындағы демалыс аймақтарына барушылар саны да 24%-ке артқан. Одан кейінгі кезекте Астана қаласы мен «Щучье-Бурабай» курорттық аймағына сұраныс басым. Айта кетерлігі,, 2023 жылы ел ішінде 2 мыңға жуық бала тегін саяхаттаған. Kids Go Free ішкі туризмді, оның ішінде отбасылық саяхатты дамытуға бағытталып отыр. Бағдарлама 2022 жылдың 1 қаңтарынан бері жұмыс істейді.

Жасыратыны жоқ, шетелдегі демалысты көбірек таңдайтын отандастарымыз жыл сайын артып жатыр. Қазақстан аумағын екі рет жаяу жүгіріп өткен марафоншы әрі сахатшы Марғұлан Ермағанбетұлы: «Қоғамдық сананы оятуымыз керек, патриоттық осыдан басталады», - дейді. Маман өз азаматтарымыздың көрікті жерлерге көбірек саяхаттауы экономикаға баламалы кіріс көзін тартуда үлкен рөл атқарады деген пікірімен бөлісті.

Марғұлан Ермағанбетұлы, заңгер, сарапшы:

- Президент тапсырма берді әртараптандыру саясатына, экономиканы туризмді айтып кетті. Өзіміздің ақшамызды сыртқа көп жіберіп жатқандар көп. Дубай, Египет деген сияқты бағыт көп қазақтың арманы болып кетті. Үш жүздің басы қосылған Ұлытау, қасиетті Түркістанымыз бар, ажарлы Алтайымыз бар, Алакөліміз бар, қарт Каспийіміз бар. Сол ұрпақ өз ата-бабасы қалдырған жермен сүйсініп жатыр ма?

Ел азаматтары көбіне қай демалыс аймақтарын таңдайды? «Ол жерлер несімен ұнайды, бағалары қолжетімді ме?» деген сауалдарымызды қойған едік.

 

Ішкі туризм: қазақстандықтар қайда саяхаттайды?

Блиц 1:

- Ақмола облысы, Бурабай, Солтүстік Қазақстан облысы, Шалқар, Айыртау ауданы. Енді, Қазақстанның барлық жерлері қасиетті, туристік орындар көп. Көлсай сайлары, Маңғыстауда Бекетата қорымдары бар. Барлық өңірлерде туристік бағытты дамытуға болады.

Блиц 2:

- Қатонқарағай, Рахмановские ключи. Бағалары жағынан, әрине, салыстырмалы түрде енді шетелдегі сол бағаға мүмкін, біздің деңгей әлі жете қойған жоқ.

Блиц 3:

-Ең тиімдісіАлакөл. 150 мың теңгеге үш адамға 3 күнге демалып келуге болады. Ақтау да қолжетімді, бірақ инфоструктурасы әлі дамымаған.

Блиц 4:

- Қазір көп бағыттарда шалғай аудандарға әуе қатынастарын, темір жолдарын ашып жатыр. Енді жақын арада 5 жылдың ішінде бұл қолжетімді болады деп ойлаймыз.